«Үкімет пен тиісті агенттік «Росатоммен» келіссөздер жүргізген кезде еліміздің мүддесін ескеруі қажет. Барлық келісім әділетті, теңгерімді әрі тиімді болуы тиіс. Табиғи байлығымызды, яғни уранды талан-таражға салуға болмайды», – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің сөзінше, Қазақстан бір ғана атом станциясымен шектелмейді. Екінші және үшінші станцияның құрылысы қазірден бастап жоспарлануы тиіс. Бұл бағытта Қытаймен ынтымақтастық та кеңеймек.
Тоқаев Қазақстанның артықшылықтарын атап өтті:
«Әлемдік уран қорының 40 пайызы біздің елде. Бұрын уранды тек экспортқа жіберсек, енді атом станциясы ішкі нарықтың қажеттілігін де қамтамасыз етеді. Бұл салада өндірістік циклді толық жолға қоюымыз керек», – деді ол.
Президент атом ғылымының дамуына тоқталып, кадр тапшылығы мәселесін көтерді:
«Елімізде білікті инженерлер мен техникалық мамандар тапшы. Ғылым докторларының үлесі 1 пайызға да жетпейді. Сондықтан докторантураға грант санын көбейтіп, техникалық мамандықтарға басымдық беру қажет», – деді Тоқаев.
Оның айтуынша, келесі жылдан бастап атом саласы бойынша жыл сайын 20 грант бөлінеді. Бұл – «технократ ұлт» болуға жасалған маңызды қадам.