«Әділет» партиясында ірі бизнес өкілдерінің қатысуымен Іскерлік кеңес құрылды, деп хабарлайды kznews.kz.
Әділет» Партиясының Төрағасы Айбек Дәдебай Іскерлік кеңес құрылғанын көлік-логистика саласының өкілдерімен өткен кездесуде мәлімдеді. Іс-шараға орталық мемлекеттік органдардың, ірі компаниялар мен салалық бірлестіктердің басшылары қатысты.
Кездесуде Мемлекет басшысы еліміздің экономикалық өсімінің негізгі бағыттарының бірі ретінде айқындаған көлік-логистика саласын дамыту мәселелері қаралды.
Айбек Дәдебайдың айтуынша, қуатты бизнес пен мемлекет, кәсіпкерлер және сарапшылар қоғамдастығы ұдайы өзара ықпалдасып отырмайынша, экономика тұрақты дамымайды. Сондықтан «Әділет» партиясының Іскерлік кеңесі диалог құруға және ортақ шешімдер әзірлеуге арналған тұрақты алаңға айналады.
Іскерлік кеңес тұрақты жұмыс істеуі үшін экономиканың әртүрлі саласын қамтитын жеті тең төраға айқындалды. Олардың қатарына Qarmet және Allur Group жетекшісі Андрей Лаврентьев, «Қазақтелеком» АҚ көлікбасқарма төрағасы Бағдат Мусин, кәсіпкер Геннадий Зенченко, Қазақстан инвесторлар одағының басқарма төрағасы Рустам Жүрсінов, Қазақстандық салық кеңесшілері қауымдастығының мүшесі Айжан Балакешова, Қазақстанның жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауымдастығының вице-президенті Инна Апенко, сондай-ақ ERG менеджерлер кеңесінің мүшесі және Integra Construction KZ бақылау кеңесінің төрағасы Шахмұрат Мүтәліп енді.
Кездесу қорытындысы бойынша Айбек Дәдебай Іскерлік кеңес тұрақты жұмыс істейтін алаңға айналатынын атап өтті. Онда кәсіпкерлікті, экономиканың түрлі саласын дамыту және мемлекет пен бизнес арасындағы өзара ықпалдастықты жетілдіру жөніндегі бастамалар әзірленеді.