Журналист әрі медиа сарапшы Назира Дәрімбет «Әділ сөз» халықаралық сөз бостандығын қорғау қорының жаңа президенті болып сайланды, деп хабарлайды kznews.kz.
Тиісті шешім 17 шілдеде өткен қор құрылтайшыларының жалпы жиналысы мен Қамқоршылық кеңесінің отырысында қабылданды.
Қордың мәліметінше, Назира Дәрімбет тәуелсіз журналистика, медианы дамыту және сөз бостандығын қорғау бағытындағы халықаралық жобаларда мол тәжірибеге ие. Ұйым оның кәсібилігі мен халықаралық байланыстары қордың журналистерді қорғау және тәуелсіз медианы қолдау жұмысын жаңа деңгейге көтеруге ықпал ететініне сенім білдірді.
Жаңа президенттің жетекшілігімен қор сөз бостандығы саласындағы халықаралық стандарттарды ілгерілетуге, журналистердің құқықтық қорғалуын күшейтуге, цифрлық қауіпсіздікті дамытуға, өңірлік БАҚ-ты қолдауға және халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықты кеңейтуге басымдық бермек. Сондай-ақ журналистерге жедел көмек көрсетуге арналған цифрлық сервистерді дамыту жоспарланып отыр.