Мәжіліс депутаты Абзал Құспан Атырауда өтіп жатқан резонансты сот процесіне қатысты пікір білдіріп, айыпталушының кінәсіне күмән келтірмейтінін айтты. Оның сөзінше, бұл іс қоғамдағы діни радикализм мәселесін қайта көтеріп отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутаттың айтуынша, ол аталған оқиға қылмыс ретінде ресми тіркелмей тұрып-ақ бұл іске назар аударып жүрген.
Ең алғашқы болжамдар айтылған кезде, өзін Дубайдағы хакер ретінде таныстырған азамат күдіктінің (Сұлтан Сәрсемәлиев – ред.) осы қылмысқа қатысы болуы мүмкін екенін айтқан еді. Сол кезден бастап бұл істі бақылап келемін. Қазір негізгі қылмыс ашылды. Дәл сол азаматтың жасағанына қатысты менде ешқандай күмән жоқ. Ең ауыр жаза тағайындалатынына да күмәнім жоқ. Оның үстіне айыпталушының өзі де бұл әрекетті толық жоққа шығарып отырған жоқ, – деді Абзал Құспан.
Мәжіліс депутатының пікірінше, сот процесінің қорытындысы діни радикализм мәселесіне байланысты мемлекеттік деңгейде нақты әрі қатаң шешімдер қабылдауға түрткі болуы тиіс.
Бұл оқиға әлі ашылмай тұрып-ақ, жергілікті тұрғындар оның радикалды діни ағыммен байланысы болуы мүмкін екенін айтқан болатын. Сондықтан бұл мәселені назардан тыс қалдыруға болмайды. Радикализм көп жағдайда аса қатыгез әрекеттермен ұштасады. Қазіргі Таяу Шығыстағы жағдайдың өзі соған дәлел. Біз бұл мәселені біраз уақыттан бері көтеріп келеміз, – деді депутат.