Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путинге «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерваты аумағына Амур жолбарыстарын жіберу жобасына арналған арнайы бейнеролик көрсетілді, деп хабарлайды kznews.kz.
Бейнематериалда төрт Амур жолбарысын табиғи ортаға бейімдеу және оларды резерват аумағына жеткізу сәттері қамтылған. Жыртқыштардың қозғалысын тұрақты бақылау мақсатында оларға алдын ала жерсеріктік қарғыбаулар тағылған.

Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы қарашада Ресей Федерациясына жасаған мемлекеттік сапары барысында Қазақстанға Амур жолбарыстарын әкелуге дайындық жүргізу және түз тағыларын бастапқы бейімдеу жөніндегі бірлескен іс-шаралар жоспарына қол қойылған болатын. Осы келісім аясында Ресей тарапы Қазақстанға төрт Амур жолбарысын берді.

Мамандардың айтуынша, бұл бастама Қазақстандағы жолбарыстар популяциясын қалпына келтіруге және биоалуантүрлілікті сақтауға бағытталған маңызды экологиялық жоба саналады.