KZNEWS.KZ
Аймақ

Абай облысындағы шахтада өрт шығып, Kaz Minerals жұмысшылары эвакуацияланды

Асқар Алтайұлы
Фото: Kaz Minerals

Абай облысындағы Kaz Minerals компаниясына тиесілі Орлов шахтасында өрт шығып, түнгі ауысымда жұмыс істеген қызметкерлер эвакуацияланды. Зардап шеккендер жоқ, деп хабарлайды kznews.kz.

Kaz Minerals компаниясының мәліметінше, 8 тамыз күні кешкі уақытта шахтаның 10-шы горизонтында түтін байқалған. Қауіпсіздік мақсатында түнгі ауысым қызметкерлері дереу жер бетіне шығарылып, түтіннің шығу ошағын анықтауға тау-кен құтқарушылары жұмылдырылған.

Мамандар түтін ошағын Monomatic бұрғылау қондырғысының маңынан анықтады. Оқиға салдарынан жабдық зақымданған.

Алдын ала болжам бойынша, өрттің шығуына электр кабелінің зақымдануы себеп болуы мүмкін. Алайда оқиғаның нақты себебі әзірге анықталған жоқ.

Қазіргі уақытта шахтадағы түтін толық жойылды. Кәсіпорын қалыпты режимде жұмыс істеп жатыр. Мамандар оқиғаның нақты себептерін анықтауда.

Асқар Алтайұлы
Kznews.kz сайтының Бас редакторы. ҚазҰУ Журналистика факультетінің түлегі. Медиаменеджер. БАҚ саласында 22 жылдық тәжірибесі бар. Кәсіби блогер.
Автордың басқа материалдары →