Белгілі блогер Әлия Әшім әлеуметтік желіде ұлы тұлғалар туралы пікір білдіріп, қоғамның оларды қабылдау мәдениетіне қатысты ойын айтты, деп хабарлайды kznews.kz.
Ол өз сөзінде қазақтың көрнекті қайраткерлері туралы түрлі тарихи деректер айтылған кезде қоғамда әртүрлі реакция болатынын атап өтті.
– Абайдың насыбай атқаны немесе Міржақыптың кальян шеккені туралы айтылса, қазір қоғам оны ауыр қабылдауы мүмкін. Бірақ бұл – тарихи деректер. Мысалы, Тұрағұлдың естеліктерінде Абайдың күнделікті тұрмысына қатысты да жазылған, – деді Әлия Әшім.
Блогердің айтуынша, мұндай мәліметтер тұлғаның ұлылығын төмендетпейді.
– Бұл оны жаман немесе жақсы адам етпейді. Бізде «ұлы адам болса, мінсіз болуы керек» деген түсінік бар. Бірақ адам – тірі тұлға, оның да әртүрлі қыры болады, – деп атап өтті ол.
Сондай-ақ ол қоғамның тарихи тұлғаларды қабылдау деңгейі оның рухани кемелдігін көрсететінін жеткізді.
– Мұндай дүниелерді қабылдай алу немесе қабылдай алмау – қоғамның қаншалықты өскенін көрсетеді, – деді блогер.
Айта кетейік, әлеуметтік желіде тарихи тұлғаларға қатысты пікірлер жиі талқыланып, қолданушылар арасында түрлі көзқарас қалыптасып келеді.