Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, қазір Отбасының цифрлық картасына 20,6 миллион қазақстандық немесе 6,2 миллион отбасы енгізілген. Тұрғындар әлеуметтік-экономикалық жағдайына қарай бес санатқа бөлінеді. А санатына әл-ауқаты жоғары, В санатына ауқатты, С санатына жағдайы қанағаттанарлық, D санатына экономикалық тұрғыдан осал, Е санатына экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан осал отбасылар жатады екен.
Жалпы, бұлай жіктеу әрбір отбасының мемлекеттік қолдауға мұқтаждық деңгейін анықтауға арналған-мыс. Яғни, мемлекет әлеуметтік көмекті кімге және қандай негізде ұсыну керектігін цифрлық деректер арқылы айқындауға тырысады.
Жалпы, адамдардың әл-ауқат деңгейін бағалаудағы негізгі көрсеткіштердің бірі ретінде отбасының әр мүшесіне шаққандағы табыс мөлшері алынып отыр. Ал биылғы ең төменгі күнкөріс деңгейі 50 851 теңге болғандықтан, оның жеті еселенген мөлшері 355 957 теңгені құрайды. Бұл цифр жан басына шаққандағы табыстың А санатына қатысты негізгі өлшемдерінің бірі. Ал В санатындағы отбасылар үшін жан басына шаққандағы табыс алтыдан жеті күнкөріс минимумына дейінгі аралықта болуы мүмкін. Бұл шамамен 305–356 мың теңге. Дегенмен, отбасының санатын анықтау тек осы көрсеткішпен шектелмейді. Мәселен, төрт адамнан тұратын отбасының әр мүшесіне шаққандағы табысы 355 957 теңгеге жетуі үшін ай сайынғы жиынтық кірісі 1,42 миллион теңгеден асуы керек. Бес адамдық отбасы үшін бұл көрсеткіш 1,78 миллион теңгеге жуықтайды.
Әлбетте, табыстың осындай деңгейде болуы отбасының барлық қажеттілігін өтеп отыр дегенді білдірмейді. Тұрғын үйді жалдау немесе ипотека төлемі, коммуналдық қызметтер, азық-түлік, балалардың білімі мен денсаулығына жұмсалатын шығындар отбасының нақты қаржылық жағдайына тікелей әсер етеді.
Сондықтан жан басына шаққандағы табыс әлеуметтік жағдайды салыстыруға мүмкіндік бергенімен, күнделікті тұрмыстың барлық шығынын көрсете алмайды.
Жалпы, отбасы картасының ерекшелігі азаматтардың табысымен бірге материалдық активтерін де есепке алуға мүмкіндік береді екен. Жүйе жылжымайтын мүлікті, автокөлікті, жер телімдерін, кәсіпкерлік қызметті және несие міндеттемелерін бағалайды. Алайда, бір пәтердің немесе автокөліктің болуы отбасын автоматты түрде ауқатты санатқа енгізбейді. Өйткені, мүліктің болуы мен одан түсетін нақты табыс екі бөлек мәселе ретінде қарастыруға жатады. Мысалы, азаматтың атында пәтер болғанымен, ол сол баспанада өзі тұруы мүмкін. Ал көлігі бар адамның тұрақты жұмысы немесе жеткілікті табысы болмауы да ықтимал. Керісінше, жеке баспанасы жоқ, бірақ тұрақты әрі жоғары жалақы алатын отбасы да кездеседі. Осы тұрғыдан алғанда, мүлікті ғана негізге алып әлеуметтік жағдайды бағалау дұрыс нәтиже бермеуі мүмкін. Оның нарықтық құны, табыс әкелу мүмкіндігі және отбасының нақты қаржылық міндеттемелері де маңызды.
Атап өтерлігі, жаңа жүйе бойынша отбасының әлеуметтік жағдайы алты бағыт бойынша 59 көрсеткіш негізінде бағаланады. Бұл үшін мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелеріндегі деректер пайдаланылады. Отбасының табысы, жұмыспен қамтылуы, мүлкі және басқа да әлеуметтік-экономикалық сипаттары бір жүйеге біріктіріледі. Бұл тәсіл азаматтардың жағдайын тек өздері ұсынған мәліметтермен шектемей, мемлекеттік дерекқорлар арқылы салыстыруға мүмкіндік береді.
Дегенмен, цифрлық деректер әрдайым адамның нақты тұрмыс жағдайын толық көрсетпейтінін де есепке алу маңызды. Мысалы, отбасының атында бірнеше жылжымайтын мүлік болуы мүмкін, бірақ, оның біреуі мұраға қалған немесе ипотекалық міндеттемемен алынған болуы ықтимал. Сол сияқты мүлкі жоқ азаматтың табысы жоғары болғанымен, оның несие жүктемесі де көп болуы мүмкін.
Тағы бір мәселе өңірлік айырмашылықтарға қатысты. Мәселен, Алматы мен Астанадағы тұрғын үй мен күнделікті тұтыну шығындары шағын қалалардағы көрсеткіштерден ерекшеленеді. Яғни, облыс орталығында тұратындар мен мегаполистерді мекендейтіндерді саралағанда, бірдей табыс табатын екі отбасының өмір сүру мүмкіндігі бірдей емес екендігі белгілі.
Сондықтан, Үкіметке әлеуметтік жіктеу кезінде отбасының табысын ғана емес, міндетті шығындарын, қарыз жүктемесін және тұрғылықты өңіріндегі экономикалық жағдайды да ескеру міндеті жүктеледі.
Айтпақшы, Отбасының цифрлық картасының маңызы әлеуметтік көмек тағайындау тәртібімен тікелей байланысты болмақ. Яғни, мемлекет жүйедегі деректер арқылы көмекке мұқтаж отбасыларды анықтап, оларға тиісті қолдау шараларын ұсынуды көздейді. Жоспар бойынша, 2027 жылдан бастап әл-ауқаты жоғары және ауқатты отбасыларға қатысты жекелеген әлеуметтік қолдау шараларына шектеулер енгізу көзделген. Ал С, D және Е санатындағы отбасылар заңнамада белгіленген талаптарға сәйкес тиісті көмек алу мүмкіндігін сақтайды.
Бұдан бөлек, отбасының қаржылық жағдайын нақтылау үшін екінші деңгейлі банктердегі шоттары мен депозиттері туралы мәліметтерді азаматтардың келісімімен алу тетігі де қарастырылуда.
Тоқетерін айтқанда, бұл өзгерістер әлеуметтік көмекті нақты мұқтаж азаматтарға бағыттауға мүмкіндік беруі мүмкін. Бірақ, мұндай жүйенің әділдігі азаматтың табысы мен мүлкі туралы деректердің дұрыстығына, сондай-ақ, отбасының нақты жағдайын қаншалықты ескеретініне байланысты болмақ.
Жалпы, Отбасының цифрлық картасы әлеуметтік саясатты жоспарлау мен мемлекеттік көмекті бөлудің маңызды құралына айналуға тиіс. Себебі, картаның көмегімен мемлекет халықтың әл-ауқатын бағалап, әлеуметтік тәуекел тобындағы отбасыларды анықтай алады деген сенім бар. Яғни, картаның тиімділігі адамдарды түрлі санатқа бөлгенімен ғана емес, шын мәнінде көмекке мұқтаж азаматтарды қаншалықты дәл анықтай алғанымен өлшенуі керек.