Бұған дейін Мәжіліс депутаттарының белсенділігі туралы айтқанбыз. Енді бұл сөзді ел Парламентінің жоғарғы палатасына қатысты айтуға болатын сияқты. Мәселен, мемлекет қазынасына қатысты сұрақтар мен талаптар Сенат депуттары арасында да өткір талқылауға түсіп жатыр екен.
Сенатор Амангелді Нұғманов бүгін Үкімет мүшелеріне бірнеше өткір сұрақ қойды. Оның мәлімдеуінше, 2025 жылы мемлекеттік бюджетке 300 миллиард теңгеден астам қаржы түспей қалған. Сонымен қатар 650 миллиард теңгеге жуық қазына қаржысы тиімсіз мақсатқа жұмсалғаны да белгілі болыпты. Сондай-ақ, осы кезеңде бюджет қаражатын қайта бөлу көлемі 2,4 триллион теңгеге жеткен көрінеді.
Сенатор көтерген мәселеге қатысты жауап берген Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғарин Үкімет 99 жобадан жалпы сомасы 75 миллиард теңге болатын қаржыландыруды алып тастағанын айтты. Алайда, айтылған жобалардың бір бөлігі толық тоқтатылмаған. Олар Мемлекеттік қор, жергілікті бюджеттер және гранттық бағдарламалар есебінен жүзеге асырылуда екен.
Вице-премьердің сөзінше, мұндай шешім республикалық бюджетке түсетін салмақты азайту мақсатында қабылданған. Мысалы, Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласында салынып жатқан ауруханаға бөлінген қаржы бюджеттен алынып, мемлекетке қайтарылған активтердің қаражаты есебінен қаржыландыруға берілген.
Жалпы, бұл бағыттағы Үкіметтің ұстанымы айқын болғанымен, сенаторлар тоқтатылған немесе кейінге шегерілген жобалардың әлеуметтік-экономикалық әсері мен тиімділігіне және дер кезінде қолданысқа берілуіне қатысты алаңдаушылық білдіріп отыр.