Батыс Қазақстан облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мадияр Өтешов облыс әкімі Нариман Төреғалиев өкімімен бір ай мерзімге қызметінен шеттетілді, деп kznews.kz тілшісі “Орал апталығына” сілтеме жасап хабарлайды.
Сәуір айының соңында Батыс Қазақстанда медициналық мекемелердің 7 басшысы жүйелі түрде пара алды деген күдікпен ұсталды. Олардың қатарында облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері, №1 және 6 емханалардың директорлары, сондай-ақ Жәнібек, Қаратөбе, Теректі және Дарьинск аудандық ауруханаларының бас дәрігерлері бар.
Тергеу деректеріне сәйкес, олар ірі жеке медициналық зертханадан және басқа да жеткізушілерден "қамқорлығына алу" үшін тұрақты түрде ақша алып келген деп күдіктеліп отыр.
Күдіктілердің бәрі өз кінәсін мойындаған. Сот оларға қатысты бұлтартпау шарасы ретінде үйқамақ немесе елден шықпау туралы қолхат белгіледі.
Олардың ешқайсысы отставкаға өтініш бермеген. Қазір олар өз лауазымдарында қалды, бірақ қаржылық шешім қабылдау құқығынсыз жұмыс істеп жатыр.
Мадияр Өтешов бұл қызметке 2024 жылдың 6 маусымында тағайындалған болатын.