2024 жылы 6,5 жылға бас бостандығынан айырылған, “элиталық эскорт” ісі бойынша “Айка” атымен танылған Айғаным Мырзахметоваға қатысты сот үкімі екі жылға кейінге шегерілді. Ол бұл кезеңде пробациялық бақылауда болады, ал мерзім аяқталған соң қайтадан жазасын өтейді, деп хабарлайды kznews.kz.
Абай облысы Жарма аудандық соты Мырзахметованың жазаны кейінге қалдыру туралы өтінішін қарады. Ол мұндай өтінішті кішкентай баласының барына байланысты жолдаған.
Бұған дейін, 2024 жылдың 21 мамырында, сот Айканы 6 жыл 6 айға соттап, мүлкін тәркілеуді белгілеп, орташа қауіпсіздік колониясына жіберген еді. Заңға сәйкес, жазаның бір бөлігін өтеген соң ол тәртібін жеңіл түрге ауыстыруды сұраған, алайда бұл өтініш 2025 жылдың 31 шілдесінде қанағаттандырылмады.
ҚК-нің 74-бабына енгізілген өзгерістерден кейін, яғни кішкентай баласы бар әйелдерге жазаны кейінге қалдыруға мүмкіндік беретін норма күшіне енген соң, оның адвокаты қайтадан сотқа жүгінді. Өтінішті қарау барысында адвокат, №23 мекеме өкілі және прокурор бұл талапты қолдады.
Сот Айғаным Мырзахметованың 2020 жылы туған баласы бар екенін, оның түрмедегі тәртібі жақсы екенін, жеңілдетілген жағдайларда жазасын өтеп жатқанын, бір ынталандыру мен бір ескерту алғанын және қарызы жоқ екенін ескере отырып, оның өтінішін қанағаттандыру жөнінде шешім шығарды.
Заң бойынша, егер әйел адамның кәмелетке толмаған баласы болса және жасаған қылмысы ерекше ауыр санатқа жатпаса, оған жаза мерзімін кейінге қалдыру мүмкіндігі беріледі. Мырзахметованың ісі бұл тізімге кірмейді.
Соттың мәліметінше, “баланың мүддесін және қылмыстың ауырлық дәрежесін ескере отырып, жазаны орындауды екі жылға шегеру қажет” деген қорытынды жасалған. Осы уақыт бойы ол тұрғылықты жерінде пробациялық бақылауда болады.
Еске сала кетсек, 2024 жылдың 21 мамырында Алматыдағы Әуезов аудандық соты оны психотроптық заттарды аса ірі көлемде заңсыз сатып алу, сақтау және тасымалдау, сондай-ақ жеңгетайлық жасағаны үшін кінәлі деп танып, 6 жыл 6 айға соттаған болатын.
2023 жылы желіде “элиталық эскорт” қызметіне қатысты тізім тараған еді. Бұл деректер “Айка” лақап атымен танымал блогердің телефон кітапшасынан шыққаны айтылған.