6 жылға бас бостандығынан айырылған Өскеменнің экс-әкімі Жақсылық Омар апелляциялық шағым түсірді, деп хабарлайды kznews.kz.
Бұл ақпаратты Kazinform тілшісіне Шығыс Қазақстан облысының сотынан растады.
- Өскемен қаласының экс-әкімі, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары болған Жақсылық Омар қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының үкіміне апелляциялық шағым түсірді. Алайда іс әлі тіркелмеді, - деп жауап берді соттың баспасөз қызметінен.
Апелляциялық соттың қашан өтетіні әзірге белгісіз.
Айта кетейік, Жақсылық Омар ҚР ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігінің 1, 2-тармақтары (ірі мөлшердегі алаяқтық), 366-бабы 3-бөлігінің 3-тармағы (ірі мөлшерде пара алу) бойынша кінәлі деп танылған болатын. Оған 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сондай-ақ оның мүлкі, яғни Toyota Camry автокөлігі тәркіленіп, мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан өмір бойына айырылды.
Кейін Жақсылық Омардың рақымшылыққа ілінбейтіні хабарланды. Себебі қолданыстағы қылмыстық заңнама талаптарына сәйкес, сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін сотталған тұлғаларға рақымшылық актілері мен шартты түрде мерзімінен бұрын босату нормалары қолданылмайды.
Еске салсақ, осыған дейін Ақмола облысында 58 млн теңге жымқырған есепші 7 жылға сотталғаны хабарланған.
https://kaz.inform.kz/news/6-zhilga-bas-bostandiginan-ayirilgan-oskemennn-eks-akm-apellyatsiyalik-shagim-berd-5a9ddc/