Қазақстанға мемлекеттік сапармен Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурэлсух келіп, екі елдің өзара сауда көлемін 500 миллион долларға жеткізуге ниетті екенін паш етті, деп хабарлайды kznews.kz.
Ақордада Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурэлсухты салтанатты қарсы алу рәсімі өтті. Мемлекеттер басшылары келіссөздерді шағын және кеңейтілген құрамда өткізіп, екіжақты ынтымақтастықтың өзекті бағыттарын талқылады.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев екі елдің тарихи тамыры ортақ екенін атап өтті. Оның айтуынша, қазақ пен моңғол халықтарын ұқсас мәдениет, дәстүр және көшпенді өркениет біріктіреді.
– Біз – тамыры бір бауырлас елдерміз. Қазіргі таңда қарым-қатынасымыз стратегиялық серіктестік рухында дамып келеді, – деді Мемлекет басшысы.
Келіссөздер барысында сауда-экономикалық байланыстарды күшейту мәселесіне ерекше назар аударылды. 2024 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 7,7%-ға өсіп, 130 млн доллардан асты. Моңғолия Президенті алдағы уақытта экономикалық байланысты одан да жоғары деңгейде байланыстыруға ниетті екенін жеткізді.
– Ендігі міндет – өзара сауда көлемін $500 миллион долларға жеткізу, – деді Ухнаагийн Хурэлсух.
Сондай-ақ тараптар өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, цифрландыру және тау-кен салаларындағы бірлескен жобаларды іске асыруға уағдаласты.
Кездесудің басты нәтижелерінің бірі – Қазақстан мен Моңғолия арасында тікелей автокөлік жолын салу туралы келісім болды. Бұл жобаны жүзеге асыру үшін бірлескен үкіметаралық жұмыс тобы құрылмақ. Сонымен қатар «Астана – Ұлан-Батыр» әуе рейсі қайта ашылады. «Өскемен – Өлгей» бағыты да іске қосылып, көлік-логистика байланыстары кеңейтіледі. Президент Тоқаев бұл бастамалар өңірлік сауда мен туризмді дамытуға серпін беретінін айтты.
Қазақстан Моңғолияға ветеринарлық вакциналар жеткізу және бірлескен өндіріс ашу мүмкіндігін қарастыруға дайын. Цифрлық технологиялар саласында да ынтымақтастық күшеймек. Моңғолия делегациясы «Alem.AI» орталығы мен Smart City жобаларымен танысады.

Қазақстан жыл сайын моңғол студенттеріне білім гранттарын бөліп келеді. Енді олардың санын арттыру жоспарланып отыр. Ал Ұлан-Батырда қазақстандық университет филиалын ашу ұсынылды. Бұдан бөлек «Study in Kazakhstan» көрмесі Моңғолияда өтетін болады.
Тараптар халықаралық ұйымдар аясында өзара қолдауды жалғастыруға келісті. Президент Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан мен Моңғолияның жаһандық мәселелерге қатысты көзқарастары ұқсас, бұл серіктестікті одан әрі нығайта түседі.