Маңғыстау облысында жер асты суларының көтерілуіне байланысты ауыл тұрғындары үйлерін тастап кетуге мәжбүр болып жатыр. Бұл жағдай Мұнайлы ауданына қарасты Атамекен ауылында байқалуда, деп хабарлайды kznews.kz.
КТК телеарнасының хабарлауынша, ауыл тұрғындары биліктен өздерін қауіпсіз жерге көшіруді сұрап отыр. Алайда аудандық әкімдік мұндай шара тек үйлер ресми түрде апатты деп танылған жағдайда ғана жүзеге асатынын мәлімдеген.
Қазіргі таңда 43 мыңға жуық халқы бар Атамекен ауылында тек үш үй ғана апатты деп танылған.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бұл мәселе бірінші рет туындап отырған жоқ. Олардың сөзінше, жерасты сулары жыл сайын көктемде көтеріліп, жаз бойы сақталып, күзде қайта пайда болады.
Қазір жағдайды тұрақтандыру үшін вакуумдық сорғылар арқылы суды айдап шығару жұмыстары жүргізілуде. Алайда тұрғындардың айтуынша, сорғымен шығарылған су біраз уақыттан кейін қайта жиналады.
Мұнайлы ауданы әкімінің орынбасары Асхат Нұрмұханның айтуынша, мәселені шешу үшін уақытша шаралар қолға алынған.
"Жерасты суларының көтерілуіне байланысты бірқатар шаралар қабылданып жатыр. Қазіргі уақытта дренаждық жүйе орнату жұмыстары жүргізілуде. Қазірдің өзінде 20 жүйе іске қосылған, ал жақын арада тағы 5-6 жүйе орнатылады. Сондықтан бұл мәселе бақылаусыз қалған жоқ", – деді әкімдік өкілі.