НҰР-СҰЛТАН, 2 сәуір – Sputnik. Төтенше жағдайға байланысты кірісінен айырылған 3 миллион қазақстандық 42 500 теңге алады. Бұл туралы үкімет басшысы Асқар Мамин мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Премьер-министр әлеуметтік төлем алушылар қатары кеңейгенін атап өтті. Олардың арасында өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен тұрмысы төмен азаматтар бар.
"Шамамен 3 миллион қазақстандық 42 500 теңге мөлшерінде төлемақы алатын болады", - деді Мамин үкімет отырысында.
Бұдан бөлек, ол халықты жұмыспен қамту үшін "Жұмыспен қамтудың жол картасы" бағдарламасын қаржыландыру 1 триллион теңгеге ұлғайтылғанын айтты.
Бұл 240 мыңнан аса жаңа уақытша әрі тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік бермек.
Бұдан бөлек, 700 мыңнан аса бизнес субъектісі салықтық жеңілдіктерге ие болады.