Алдағы күндері Қазақстанның басым бөлігінде ауа райы күрт суытып, кей өңірлерде түнгі температура -40°C-қа дейін төмендеуі мүмкін. «Қазгидромет» болжамынша, ел аумағына солтүстік-батыстан суық антициклон еніп, арктикалық ауа массалары күшейеді, деп хабарлайды kznews.kz.
Синоптиктердің мәліметінше, 24–26 күндері Қазақстанның көп бөлігінде суық антициклонның ықпалы артып, температуралық фон біртіндеп төмендейді. Арктикалық ауа массаларының келуімен аяз күшейіп, кей аймақтарда қыс мінезін қатайта түседі.
«Тек оңтүстік облыстарда жауын-шашын, кей уақыттарда негізінен жаңбыр түріндегі қатты жауын-шашын болжанады. Сондай-ақ жел күшейіп, көктайғақ пен тұман құбылыстары байқалады», – деп хабарлады синоптиктер.
Түнгі уақытта батыс өңірлерде ауа температурасы -15…-25°C аралығында болуы ықтимал. Солтүстік пен орталықта аяз -28…-37°C-қа дейін төмендеп, шығыс облыстарда -32…-40°C-қа жетуі мүмкін. Ал оңтүстікте түнгі көрсеткіштер -0…-10°C шамасында сақталады.