2014 жылдың 8 наурызы авиация тарихында ХХІ ғасырдағы ең жұмбақ апаттардың бірі ретінде қалды. Malaysia Airlines әуе компаниясына тиесілі Boeing 777-200ER ұшағы Куала-Лумпурдан Бейжіңге бағыт алған рейс кезінде әуеге көтерілгеннен кейін шамамен 40 минуттан соң Оңтүстік Қытай теңізі үстінде радардан жоғалып кеткен. Бортта 227 жолаушы мен 12 экипаж мүшесі болғанымен, апаттың нақты себептері мен орны әлі күнге дейін белгісіз, деп хабарлайды kznews.kz.
Hibiny басылымының мәліметінше, байланыс үзілгеннен кейін ұшақ тағы бірнеше сағат бойы әуеде болған. Әскери радарлар оның бағытын күрт өзгертіп, Малакка бұғазы арқылы Үнді мұхитының оңтүстігіне қарай ұшқанын көрсеткен. Лайнер соңғы рет Никобар аралдары маңында тіркелген. Кейін Африка жағалауынан табылған кейбір сынықтар осы ұшаққа тиесілі болуы мүмкін деген болжам айтылғанымен, олардың нақты дәлелі толық расталмаған.
Ұшақтағы жолаушылар 14 елдің азаматтары болған, олардың ішінде Қытай азаматтары басым. Сондай-ақ бортта Ресейден шыққан кәсіпкер Николай Бродский де болған. Тергеу барысында ұрланған төлқұжатпен отырған екі жолаушы – Пурия Нур Мохаммад Мердад пен Сейед Мохаммед Реза Делавар да назарға іліккен. Алайда кейін олардың әрекеті лаңкестікпен емес, шетелге заңсыз шығу әрекетімен байланысты екені анықталған.
Сонымен қатар тергеу ұшақ командирі Захари Ахмад Шахтың жеке өміріне де мән берді. 33 жылдық тәжірибесі бар пилоттың ажырасудан кейін күйзеліске түскені айтылған. Кейбір болжамдар екінші пилот Фарик Абдул Хамидтің де ықтимал рөлін жоққа шығармайды.
Ұшақ жоғалар алдындағы диспетчерлер естіген соңғы сөз – "қайырлы түн" болған. Сырттай қарағанда қарапайым естілген осы сөздердің артында әлі күнге дейін шешімі табылмаған үлкен жұмбақ жатыр.