Көкшетау қаласының тұрғыны туыстарына барып қайтқаннан кейін пәтеріне кіре алмай қалған. Көмекке келген полицейлер үй ішінен ер адамның аман екенін анықтады – ол жай ғана терең ұйқыда жатқан, деп хабарлайды Arasha.kz.
Ведомствоның баспасөз қызметінің мәліметінше, 19 қаңтар күні сағат 21:50-де кезекші бөлімге әйел адам қоңырау шалып, пәтеріне кіре алмай жатқанын айтып, көмек сұраған.
Оның айтуынша, күйеуі 15 қаңтардан бері байланысқа шықпаған. Әйел туыстарына кеткен, ал оралған кезде есіктің іштен жабық тұрғанын және қоңырауларға ешкім жауап бермегенін байқаған.
Оқиға орнына жедел түрде Көкшетау қалалық полиция басқармасының учаскелік инспекторлары Қуат Қажымов пен Еркін Жүсіпбеков жеткен.
Алдымен тәртіп сақшылары әйелдің Төтенше жағдайлар қызметіне жүгінген-жүгінбегенін нақтылаған. Алайда ол есіктің бұзылуынан қауіптеніп, ол жаққа хабарласпағанын айтқан. Қаржылық жағдайына байланысты мүлікті қалпына келтіруге мүмкіндігі болмағандықтан, есікті бүлдірмеуді өтінген.
"Мен биіктіктен қорқамын. Бірақ әйелдің "әлеуметтік желілерде полицейлер адамдарға әрдайым көмектеседі" дегенін естіген соң, басқа амал жоқ екенін түсіндім. Біз көмектесуге міндеттіміз", – деді Қуат Қажымов.
Өтініш иесінің талабын және адамның өміріне қауіп төнуі мүмкін екенін ескерген полицейлер стандарттан тыс, бірақ жалғыз дұрыс шешім қабылдаған. Олар өз қауіпсіздігін қатерге тігіп, үшінші қабаттағы көрші балкон арқылы пәтерге кірген. Бұл сәт бейнежазбаға түсірілген.
Пәтерге кірген кезде алаңдаушылық күшейе түскен – ер адам ешқандай белгі бермеген. Алайда көп ұзамай оның тірі екені белгілі болды: ол жай ғана қатты ұйықтап жатқан болып шықты. Соған қарамастан, соңына дейін жағдайдың қайғылы аяқталу қаупі бар болғаны айтылды"