Еліміздің сыртқы саудасында оң динамика байқалады. Мәселен, маусым айында отандық сауда балансының профициті 4,4 миллиард до лларға жетіп, мамырдағы көрсеткіштен төрт есеге жуық артты. Бұған ең алдымен экспорттың айтарлықтай өсуі ықпал етіп отырған көрінеді.
Жалпы, маусым айында Қазақстан 9,8 миллиард доллардың тауарын экспорттады. Мамырда бұл көрсеткіш 6,1 миллиард доллар болған. Ал импорт 5,1 миллиард доллардан 5,4 миллиард долларға ғана өсті. Нәтижесінде сыртқы саудадағы оң сальдо 4,4 миллиард долларға жетті. Бұл кемінде соңғы он жылдағы ең жоғары айлық көрсеткіш. Бұған дейінгі рекорд 2022 жылы тіркеліп, 3,7 миллиард долларды құраған еді. Сарапшылардың пайымдауынша бұл үрдіс елдің экономикалық тұрақтылығын білдіреді екен.
- Қазақстан үшін бұл аса маңызды көрсеткіш, өйткені, сыртқы сауда елге шетел валютасының түсуінің негізгі көздерінің бірі болып қала береді. Тұрақты профицит төлем балансын, халықаралық резервтерді қолдайды және тұтастай алғанда теңге үшін қолайлы жағдай қалыптастырады, – дейді Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының бас сарапшысы Рамазан Досов.
Биылғы жартыжылдықта да осы үрдіс жалғасты. Қаңтар-маусым аралығында Қазақстанның сауда профициті 8,9 миллиард долларға жетіп, өткен жылғы 7,3 миллиард доллардан 21,5 пайызға өсті. Бұл сома Ұлттық банктің 2026 жылға бүкіл жыл бойынша болжаған сауда профицитіне тең.
Ал валюта нарығы үшін экспорттың өсуі маңызды фактор саналады. Шетелге тауар сататын қазақстандық компаниялардың валюталық түсімі артқан сайын ішкі нарықтағы шетел валютасының ұсынысы көбейеді. Бұл теңгенің бағамына фундаменталды қолдау көрсетеді.
- Экономика үшін бұл жеткілікті деңгейде оң сигнал. Экспорттың жоғары болуы валюталық түсім ұсынысын арттырады, ал импорттың салыстырмалы түрде қалыпты өсуі шетел валютасына деген қарсы сұранысты шектейді. Жалпы алғанда, бұл теңгеге фундаменталды қолдауды күшейтеді, – дейді Рамазан Досов.
Сонымен бірге сарапшы ай сайынғы сауда профициті мен ұлттық валюта бағамының қозғалысын тікелей байланыстыруға болмайтынын атап өтті. Теңге бағамына капитал қозғалысы, Ұлттық банктің операциялары, бюджет ағындары, маусымдық факторлар, ірі нарық қатысушыларының мәмілелері, мұнай бағасы, бағамдық күтулер және әлемдік қаржы нарықтарындағы жағдай қатар әсер етеді.
Яғни, сыртқы сауда құрылымындағы өзгерістер де назар аудартады. Сауда және интеграция министрлігінің дерегінше, 2026 жылдың алғашқы алты айында Қазақстанның әлем елдерімен шикізаттық емес тауарлар айналымы 43,9 миллиард долларға жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 7,6 пайызға немесе 3,1 миллиард долларға жоғары.
Ал қазақстандық кәсіпорындардың өңделген тауарлар экспорты 15,2 миллиард долларға жетіп, бір жылда 17,6 пайызға өсті.
- Жалпы алғанда, Қазақстанның экспорты тұрақты және жыл сайын өсіп келеді. Қазір экспорт пен сауда балансы, оның ішінде мұнай бағасының жоғарылауына байланысты, өсудің жаңа траекториясына шықты. Экономика үшін бұл шетел валютасының көбірек түсуін және теңге бағамының тұрақтылығын сақтай отырып, импорт тұтынуын арттыру мүмкіндігін білдіреді, – дейді Freedom Finance Global ұйымының сарапшысы Данияр Оразбаев.
Экспорт географиясы да кеңейіп келеді. Қаңтар-маусымда Түркияға бағытталған экспорт көлемі екі есеге өсіп, 1,91 миллиард долларға жетті. Ұлыбританияға жеткізілім 2,7 есеге артып, 671,8 миллион доллар болды. Қытайға экспорт 12,1 пайызға өсіп, 3,67 миллиард долларға жуықтаған. Өзбекстан, Франция, Ауғанстан және Гонконг бағыттарында да өсім байқалды.
Жалпы, экспорттық қоржында мыс пен мыс катодтары 2,84 миллиард доллармен алдыңғы орында. Одан кейін уран – 1,51 миллиард доллар, ферроқорытпалар – 1,1 миллиард доллар және күміс – 781,3 миллион доллар шамасында болған. Өңделген өнімдер арасында күнбағыс майы 533 миллион доллар, мал азығына арналған өнімдер 438 миллион доллар көлемінде экспортталған.
Экспорттың соңғы жеті жылдағы динамикасы да айқын. 2019 жылдың қаңтар-маусымында шикізаттық емес және өңделген тауарлардың тауар айналымы 23,6 миллиард доллар, ал экспорты 7,72 миллиард доллар болған. 2026 жылдың алғашқы жартысында бұл көрсеткіштер тиісінше 43,9 миллиард және 15,2 миллиард долларға жетті. Яғни жеті жылда тауар айналымы шамамен 1,9 есеге, экспорт 97 пайызға өскен. Сонымен қатар 15,2 миллиард долларлық экспорт көлемі осы кезеңдегі ең жоғары көрсеткіш болып отыр.
Қысқа мерзімде экспорттың өсуі елдегі валюталық ұсынысты арттырып, теңгенің фундаменталды негізін нығайтады. Ал шикізаттық емес экспорттың кеңеюі қазақстандық өндірушілердің сыртқы нарықтағы орнын біртіндеп күшейтіп келе жатқанын көрсетеді.
Дегенмен ұзақ мерзімді нәтиже экспорт өсімінің құрылымына байланысты болмақ. Егер бұл динамика өндірістік қуаттарды арттырумен, өнімді терең өңдеумен және жаңа нарықтарға шығумен қатар жүрсе, сыртқы сауда ел үшін тек валюталық түсім көзі ғана емес, экономиканы әртараптандырудың маңызды факторына айналады.
Осы тұрғыдан алғанда, маусымдағы 4,4 миллиард долларлық рекордтық профицитті бір айдың көрсеткіші ретінде ғана қарастыруға болмайды. Ол соңғы жылдары экспорттық әлеуеттің артып келе жатқанын көрсететін кеңірек үрдістің бір бөлігі. Әсіресе, өңделген және шикізаттық емес тауарлар экспортының жеті жылда екі есеге жуық өсуі Қазақстанның сыртқы саудасында құрылымдық өзгерістер жүріп жатқанын аңғартады.