Аймақ

362 оққағарың да қорғай алмайды: Маңғыстауда ақсақал облыс әкімінің бетіне айтты

362 оққағарың да қорғай алмайды: Маңғыстауда ақсақал облыс әкімінің бетіне айтты
Видеодан алынған скрин

Маңғыстау облысында өткен тұрғындармен кездесуде жергілікті ақсақал аймақ басшысы Нұрдәулет Қилыбайдың әрекетіне наразылық білдіріп, мінберден ашық сын айтты.

Куәгерлердің айтуынша, әкім спорт кешенінде өткен жиынға келгенімен, залда отырған тұрғындар мен ақсақалдармен амандаспай, тікелей өз бағытымен өтіп кеткен. Бұл жайт жиналғандардың көңіліне тиген.

Мінберге көтерілген ақсақал өңір басшысының мінез-құлқына реніш білдіріп: "Әкім деген халықпен сөйлесуге, амандасуға міндетті! Халықтың алдына келгенде кішіпейіл болу керек! Ештеңе бітіріп жатқан жоқсыңдар, бәріңдікі құр сөз!" – деді.

Сонымен қатар ол әкімнің бұған дейін айтқан «Мені 362 оққағар қорғайды» деген сөзіне жауап қатып: "Сені халық қорғамаса, 362 оққағарың да қорғай алмайды!" – деп түйіндеді.

Бұл сөз залдағы жұрттың қол шапалақтауымен қолдау тапты.

Әлеуметтік желіде тараған видео аз уақыт ішінде кеңінен талқыланып, мыңдаған қаралым жинады. Пікір білдіргендердің көбі ақсақалдың батыл сөзін қолдап, әкімдердің халықпен ашық диалог жүргізуі қажеттігін атап өтті.

Кейбір пікір иелері мұндай кездесулердің эмоцияға емес, нақты мәселелерді шешуге бағытталуы керек екенін айтқанымен, көпшілік әкімнің әрекетін «менмендік пен салқын қарым-қатынас» деп бағалауда.

 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

A post shared by Todayinfo.kz (@todayinfo.kz)

Ұқсас материалдар

Барлығы
KZNews.kz