«Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді». Міне, бүгінгі Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) қорының айналасындағы ахуалды сөз еткенде еріксіз осы мақал ойға оралады. Халықтың ай сайын маңдай терімен тапқан табысынан қаншама қаражат осы қордың қоржынына судай ағып жатса да, бұқараның медициналық көмекке келгенде бармақ тістеп, басын тасқа ұратыны жасырын емес, деп хабарлайды kznews.kz.
Таяуда Талдықорғандағы жуан ортада орын алған жағдай – сөзіміздің айқын дәлелі. Қырқынан да шықпаған 40 күндік нәрестесімен инфекциялық ауруханаға түскен ананың, «тегін» деп дәріптелген емнің орнына, қажетті дәрі-дәрмекті өз қалтасынан сатып алуға мәжбүр болғаны – медицинамыздағы сорақылықтың шеті де шегі де емес екенін көрсетті. Бұл жүйедегі іріп-шіріген жемқорлық пен халаттылардың салғырттығы күн санап асқынып барады.
Талдықорғандағы ананың ащы айқайы әлеуметтік желіде желдей есіп, халықтың ашу-ызасын тудырды. Желі қолданушылары «МӘМС-ке ай сайын ақша төлейміз, ал ауыра қалсақ, шприц пен системаға дейін өз ақшамызға аламыз, бұл не қылған сұмдық?», «Ақшамыз қайда кетіп жатыр, неге халықтың есебінен біреулер май шелпек асап отыр?» деген сияқты мыңдаған ренішін жаудыруда. «Судың да сұрауы бар» екенін ұмытқан қор басшыларының миллиардтаған қаржыны талан-таражға салғаны туралы ресми деректер де төбе шашыңды тік тұрғызады. Жуырда Қаржылық мониторинг агенттігі атышулы МӘМС жүйесі арқылы 3,5 миллиард теңгенің белгілі бір клиникалармен ауыз жаласу арқылы қолды болғанын, бұл афераның егжей-тегжейін ашып көрсетті. Осы оқиғадан кейін белгілі журналист Айгүл Мүкей де үнсіз қала алмай, қор басшылығынан ел алдына шығып, ашық түсініктеме беруін талап етті. «Қылмыс анықталды, бірақ қордың осы жағдайға берген бағасы қайда? Күмәнді төлемдерге кім жол берді, миллиардтар талан-таражға түсіп жатқанда қор неге дабыл қақпады?» деген журналистің сауалы – бүкіл халықтың көкейінде жүрген өзекті өрт. Өйткені жемқорлардың жемсауына кеткен ол миллиардтар – жұрттың ай сайын адал еңбегімен аударып отырған маңдай тері, тырнақтап жинаған қаражаты болатын.
Бас прокуратура мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің де тексерісі көрсеткендей, қор жүйесінде көрсетілмеген қызметтерді «жасалды» деп жазып қою , мүлдем емдеуге келмеген адамдарға, тіпті қайтыс болған жандарға «ем көрсетілді» деп қаржы аудару әдеттегі көрініске айналған. Экс-депутат Бақытжан Базарбек бұл қорды «өз қолымызбен жасаған монстрға» теңеп, жемқорлықтың жүйенің өн бойына тамыр жайып кеткенін ашына айтқан еді. Базарбектің «Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен бұйрықтарды мұқият зерделеп, өзгерту қажет, жемқорлықтың түп-тамыры сонда жатыр» деген пікірі жүйенің қаншалықты шірігенін аңғартады. «Бөрі арығын білдірмес, итке жүнін қампайтар» демекші, сырт көзге заманауи реформа сияқты көрінген жүйенің іші қуыс, кеудесі бос болып шықты.
Қарапайым халық үшін тегін дәрі-дәрмекке қол жеткізу – иненің көзінен жіп өткізгенмен бірдей. Тегін дәрі алу үшін кезекке тұрған науқастардың айлап сабылып, емхана табалдырығын тоздыратыны соншалық, ауруын емдеймін деп жүріп, ауру жамап қайтады. Дәріханаларда «кепілдендірілген дәрі-дәрмек таусылып қалды» деген сылтау әбден жауыр болды, ал шын мәнінде сол дәрілердің қайда кететіні, неге халыққа жетпейтіні үлкен сұрақ. Осылайша, жыртық үстіне жамау болған денсаулық сақтау жүйесі қарапайым азаматтардың қалтасын жұқартқандан басқа түк бітірмей отыр. Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеуге де мүмкіндік бермейтін бұл жүйенің кемшіліктері қашан түзелері белгісіз.
Халықтың денсаулығын саудаға салған шенеуніктер мен өз міндетіне салғырт қараған дәрігерлердің кесірінен мемлекеттік бағдарламаларға деген сенім оты мүлде өшуге айналды. Егер МӘМС жүйесіндегі ашықтық орнатылмай, бармақ басты, көз қысты әрекеттерге түбегейлі тосқауыл қойылмаса, Талдықорғандағы сияқты келеңсіз оқиғалар қайталануын тоқтатпайды. Қоғамның талабы біреу-ақ: бөлінген әрбір тиынның қайда жұмсалғаны айдай анық болып, халық өз ақшасына сапалы әрі тегін медициналық көмекті кедергісіз алуы тиіс. Әйтпесе бұл реформаның «аты бар да, заты жоқ» құр сүлдері ғана қала бермек.