Осыдан 32 жыл бұрын зорлық-зомбылық құрбаны болған Наташа Қалымбетова перзентханада дүниеге келген қызынан айырылғанын айтып, көпшілікке жан сырын ақтарды. Бұл туралы ол «Qasqa Jol» YouTube арнасына берген сұхбатында мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz.
Еске салайық, Батыс Қазақстан облысында туған Наташа Қалымбетова биыл наурыз айында TikTok желісінде 17 жасында ауылындағы төрт жігіттің зорлығына ұшырағанын жариялаған болатын. Оның айтуынша, қылмыскерлер оны зорлағаннан кейін Жайық өзенінің жағасына апарып тастаған.
Бейнежазба қоғамда үлкен резонанс туғызып, екі миллионнан астам қаралым жинады. Осыдан кейін Батыс Қазақстан облысының полиция департаменті 32 жыл бұрын болған зорлау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады.
Тергеу амалдарына қатысу үшін Наташа Қалымбетова жуырда Тайландтан Орал қаласына келген. Ол полиция қызметкерлерімен бірге оқиға болған ауылға барып, түсініктеме берген. Тергеу жүріп жатқандықтан, іс материалдарына қатысты толық ақпарат бере алмайтынын айтты.
Сұхбат барысында Наташа осы оқиғадан кейін жүкті болып қалғанын және туған қызынан айырылғанын алғаш рет егжей-тегжейлі баяндады.
– Олар келіп, қашан кетесің деп, маған дайын қағазды ұсынды. Онда менің баладан бас тартатыным туралы жазылған еді. «Қызым, мына жерге қол қою керек» деді. Мен ойланбастан қол қойдым. Себебі мен тоғыз ай бойы ол баланы жек көрдім. Осыдан соң үш күннен кейін кетуім керек болды. Бірақ мен кете алмадым. Сол перзентханада болдым. Мені ол жерден түрлі себептермен қуды. Ал мен қызыма бауыр басып қалған едім, – дейді Наташа Қалымбетова.
Оның айтуынша, жүктілік кезеңі өте ауыр өткен. Сол уақытта ол өзін де, ішіндегі баланы да қабылдай алмаған.
– Мен қызымды 18 жасымда босандым. Өте ауыр болды. Жаңа жыл қарсаңында босандым. Есімді жоғалтып алдым. Ешкім көмектескен жоқ. Акушерлер маған «ол баласынан бас тартқан» деген көзқараспен қарады. Бірақ мен ол кезде олардың не айтып жатқанын түсінбедім. Өйткені ешқандай қағазға қол қойған жоқ едім. Тоғыз ай бойы өзімді де, ішімдегі баланы да жек көрдім. Бірнеше рет өз-өзіме қол жұмсамақ болдым, – дейді ол.
Алайда босанғаннан кейін бәрі өзгерген.
– Баланы маған емізуге алып келетін. Тоғыз күннің ішінде қызыма бауыр басып қалдым. Кейін дәрігерлерден, колледж басшылығынан көмек сұрадым. Қызымды өзіммен алып қалғым келді. Бірақ ешкім көмектеспеді, – дейді ол.
Наташаның сөзінше, оқу орны да, туған-туыстары да қолдау көрсетпеген.
– Анам да, ағаларым да көмектескен жоқ. Дәрігерлер «оқуыңды бітіріп, тұрмысқа шыққан соң қызыңды алып кетесің» деп жұбатты. Бірақ бәрі басқаша болды, – дейді ол.
Ол оқуын жалғастырғанымен, психологиялық ауыр күйзелістен шыға алмағанын айтады.
– Киімімнен сүтім сорғалап жүрді. Бірақ ешкім ештеңе сұрамады. Психолог та болған жоқ. Кейін оқудан кетуге мәжбүр болдым. Үш жыл бойы қызыма аптасына үш рет барып тұрдым. Бірақ Алматыға жұмысқа кетуге тура келді. Кейін қайтып келгенімде қызым жоқ болып шықты, – дейді Наташа.
Қазір қозғалған қылмыстық іс аясында оның қызының туғаны және кейін басқа отбасыға асырап берілгені туралы құжаттар табылған.
Наташа Қалымбетованың айтуынша, құжаттарда қызды асырап алған адамның тегі Боуг деп көрсетілген. Ол қызына туған кезде Анжелика деген есім бергенін, алайда кейін оның аты Николь болып өзгеруі мүмкін екенін айтты.
Оның болжамынша, қызы қазір АҚШ-та тұруы мүмкін.
– Мен өмір бойы қызым туралы ойлап келемін. Зорланған күнім де, қызымнан айырылған сәт те ешқашан есімнен кеткен жоқ. Егер қызымды тауып, шындықтың беті ашылса деймін, – дейді ол.
Наташа өміріндегі осы қайғылы оқиғалардан кейін ұзақ уақыт бойы ер адамдарға сенімсіздікпен қарағанын жасырмады.
Оның айтуынша, 28 жасында тағы бір азаматпен қарым-қатынас орнатқан. Кейін ол адамның отбасы бар екенін білген соң мүлде тұйықталып кеткен.
– Ер адам көрсе жиіркенетін жағдайға жеттім. Өзімді жұмысқа, мансапқа арнадым. Кейін шетелге кеттім. Ұлым Аланды өсірдім. Бірақ бұл жара ешқашан жазылған жоқ, – дейді ол.
Наташа Қалымбетова 2025 жылы ұлының Шанхайға оқуға түсуінен кейін өткен өмірін қайта ой елегінен өткізіп, көп жылдан бері іште сақтап келген оқиғасын жария етуге шешім қабылдағанын айтты.
– Мен бұл туралы бүкіл әлемге айта аламын. Өйткені мұндай жағдайды ешкім бастан кешірмеуі керек, – деді ол.