Дарын Мубаров TALK LIKE бағдарламасына берген сұхбатында жеке өміріне қатысты тың мәліметпен бөлісіп, бүгінде 31 баланың әкесі екенін айтты, деп хабарлайды kznews.kz.
Бағдарлама барысында ол төрт әйел алғанын және алғаш рет 19 жасында шаңырақ көтергенін баяндады. Айтуынша, өмірлік шешімдерінде ең алдымен діни қағидаларды басшылыққа алады.
"Жастары есімде қалған жоқ. Дінде жүргеннен кейін мендегі сезім мынадай екен: бірінші шариғатты қоямын, шариғаттан кейін ақыл тұрады, одан кейін сезім тұрады. Сезімі жоқ адам деген емес. Сезім болады ғой. Екінші жолдасымды алуға бірінші жолдасым себеп болды. Қарағандыда сабақ беріп жүрген кезде свет төлей алмай қаласың, қиналасың ғой. Келіншегім базарда тұрып жұмыс істеу керек болып қалды. Мен медреседе сабақ беруім керек болып қалды. Жұмыс істеп жүрген кезде қасында мұсылман қарындаспен сөйлеседі. Әңгімеден әңгіме тереңдеп кетіп, "иә, жолдасыңызды танимын, шығуға келісімімді берер едім" дейді. Қарасам, жас қыз екен. Текті, түрі – бәрі бар. Туған-туысқандары да мықты. Біраз ойландым. Кейін келісімге келдік. "Әкеңнің алдынан өтеміз" дедім. Ол кісі келісті. Әрқайсының өз себептері болды, сөйтіп алдық", –дейді ол.
Жүргізуші Аман Тасыған бұрын айтылған "20 баламен тоқтады ма?" деген сұрақты қайта қойған кезде, Дарын Мубаров баланың саны адам еркіне емес, Алланың қалауына байланысты екенін жеткізді.
"Ол тоқтамайды ғой. Аллахтың қалауымен болатын нәрсе. Қазір балаларымның саны – 31. Бәрін қосқанда. Аналарымен ілесіп келген үш балам бар, олар да өз баламдай болып кеткен, өте жақсы көремін. Әкелері жол апатынан қайтыс болған. Аналарын үш баласымен алғанмын. Өзімнің белімнен тарап отырғаны – 28 бала", – дейді Дарын Мубаров.