Ақтөбе облысында учаскелік полицей қарт ананы балаларымен қауыштырды, деп хабарлайды kznews.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Ақтөбе облысы Қарғалы ауданына қарасты Қосестек ауылында қызмет атқаратын учаскелік полиция инспекторы Айболат Бекнияздың адалдығы мен адамгершілігін жергілікті тұрғындар жоғары бағалайды.
Ауылдағы әрбір жанды жақсы танитын полиция майоры жақында көшіп келген қарттың жағдайына алаңдаған. 72 жастағы Людмила Скрипниктің туыстары болмаған, ал өзімен бірге ешқандай құжаты да жоқ еді. Құжаттарын қалай және қайда жоғалтқанын да өзі нақты айта алмаған.
Қарт әйелге көмектесуді мақсат еткен учаскелік инспектор Айболат Бекнияз оның жеке деректерін анықтап, құжаттарын қалпына келтіру үшін түрлі мекемелерге сұрау жолдай бастаған. Алғашында нәтиже болмағанымен, уақыт өте келе мұрағаттан 30 жылдан астам бұрынғы құжат табылған.
Құжатта Людмила Скрипниктің 3 баласы (1 ұл, 2 қыз) бар болғанын біліп, қатты қуанған полицей тынбай іздену арқылы олардың бірін іздеп тауып, хабарласқан.
— Телефон тұтқасын көтерген әйел адамнан “Людмила Скрипникті танисыз ба” деп сұрағанымда ол қатты толқып кетті. Ол өзінің көп жыл бұрын жоғалтқан анасы екенін айтты. Мән-жайды түсіндіріп бердім. Ол қарияның 3 баласы да аман-сау, өз отбасыларымен Павлодар қаласында тұрып жатқанын, анасын көп жылдан бері іздеп жүргенін айтты. Қызы анасымен дереу сөйлестіруді өтінді, — дейді Айболат Бекнияз.
Жақсы жаңалықты жеткізу үшін полицей қарияның үйіне арнайы барып, оны алдын ала дайындап, бейнебайланыс арқылы балаларымен тілдестірген. Көптен бері көрмеген перзенттері бірден анасын қастарына алып кетуге көмектесуді сұраған.
Балаларына асығып тұрса да, қарттың денсаулығы алыс жолға шыдамауы мүмкін екенін ескерген учаскелік инспектор ауыл дәрігерімен бірге оны шамамен бір ай бойы емдеткен. Сәуір айында денсаулығы жақсарған Людмила Скрипникті таксиге отырғызып, Павлодарға жіберген.
Қазір қария балалары мен немерелерінің ортасында бақытты өмір сүріп жатыр. Ол өзіне көмек қолын созған полицейге шексіз алғысын білдірді.
— Менің қайғыма бейжай қарамай, көмек қолын созған жалғыз адам – Айболат болды. Соңына дейін бірге болып, балаларымды тауып берген Айболатқа алғысым шексіз. Осындай мейірімді жандар көбейе берсе екен, — дейді қария.
Балалары да анасымен қайта қауыштырған кең жүректі учаскелік инспекторға ризашылықтарын білдіріп, оны қонаққа шақырып жатыр.
Белгілі болғандай, шамамен 30 жыл бұрын Людмила Скрипник ауыр жағдайға тап болып, балаларынан айырылып қалған. Үш баласы туыстарының қолында өссе, өзі сырқатқа шалдығып, басқа елде өмір сүрген. Уақыт өте келе ол перзенттерін есіне түсіре алмай, іздеп таба алмаған.
— Жалғызбасты қарияның отбасы табылғанына өзім де қатты қуандым. Тағдырдың талай сынағынан өтсе де мойымаған, бүгінде өз өмірлерін құрып, бір-бір шаңырақ иесі атанған қайсар да мейірімді балаларын көріп риза болдым, — дейді Қосестек ауылының учаскелік инспекторы Айболат Мұратұлы.