Павлодарлық Анастасия Кулик үшін өмір бір күнде өзгерді. Балалар үйінде өскен 32 жастағы бойжеткен әлеуметтік желіде баспанаға мұқтаж екенін айтып, көпшілікке үндеу жасаған, деп хабарлайды kznews.kz.
Ол небәрі 30 мың адам 200 теңгеден аударса, пәтерлі болатынын жазған. Күтпеген жерден бұл видео кең тарап, 24 сағат ішінде оның есепшотына 8 миллион теңгеден астам қаражат жиналған.
Анастасия бұл қаржыға бұрын несиеге алған шағын пәтерінің қарызын толық жауып, қалған бөлігін жөндеу жұмыстарына жұмсап жатқанын айтты. Сондай-ақ ол өзіне көмек сұраған ауыр науқас жандарға да қол ұшын созған.
Балалық шағында анасынан айырылып, қиындық көрген бойжеткен бұл жағдайды адамдардың мейірімділігінің дәлелі деп бағалап, барша қолдау білдірген жандарға алғыс айтты.