Пермь қаласында өңір тарихындағы ең атышулы қылмыскерлердің бірі, бұған дейін бірнеше адам өлтіру және адамжегіштік қылмыстары үшін сотталған Михаил Малышев өмірден өтті, деп хабарлайды kznews.kz.
РИА Новости мәліметінше, Малышев жоспарлы медициналық тексеруден өту үшін емдеу мекемесіне барған. Алайда ол дәрігердің қабылдау бөлмесіне жетпей, дәлізде өзін кенеттен жайсыз сезінген. Куәгерлердің айтуынша, ер адам жүрек тұсын ұстап, бірнеше қадам өткен соң есінен танып, жерге құлаған.
Оқиға орнына дереу медицина қызметкерлері жетіп, шұғыл көмек көрсетуге әрекет жасаған. Алайда жүргізілген реанимациялық шаралар нәтиже бермей, дәрігерлер оның сол жерде қайтыс болғанын тіркеді. Алдын ала болжам бойынша, өлімге жүректің кенеттен тоқтауы себеп болуы мүмкін. Нақты диагноз тиісті медициналық сараптамадан кейін анықталады.
Айта кетейік, Михаил Малышев 2022 жылдың соңында 25 жылдық жазасын толық өтеп, бостандыққа шыққан. Ол 1990-жылдардың соңында жасалған ерекше қатыгез қылмыстар сериясы үшін кінәлі деп танылып, қоғамда үлкен резонанс тудырған.
Бостандыққа шыққаннан кейін Малышев Пермь қаласында бұрын өз құрбандарын алдап апарған пәтерде қайта тұра бастаған. Бұл жағдай жергілікті тұрғындардың алаңдаушылығы мен наразылығын тудырғанымен, құқық қорғау органдары оның сол мекенжайда тұруына заң жүзінде тыйым салуға негіз таппаған.