Соңғы күндері әлеуметтік желі пайдаланушылары арасында ерекше бір челлендж қызу талқылануда, деп хабарлайды kznews.kz.
Желі белсендісі, актер, йога жаттықтырушысы Анастасия Кулик өзінің Instagram парақшасында баспана мәселесін шешудің тың әрі қарапайым жолын ұсынды. Оның идеясы — «кішігірім көмек арқылы үлкен мақсатқа жету».
Анастасия өзінің видеосында шетелдік тәжірибеге сүйене отырып, қызықты дерек келтіреді: егер 20 000 адам небары 100 рубльден жинаса, бір пәтер алуға жететін сома құралады. Осы идеяны Қазақстан нарығына бейімдеген ол:
«Егер 30 000 адам небары 200 теңгеден (бір кесе кофеден де арзан) аударса, бұл қаражатқа кішігірім болса да баспана алуға болады», — дейді.
Бұл үндеудің артында үлкен өмірлік трагедия жатыр. Анастасия 17 жасында балалар үйінен шыққан соң, заңды түрде тиесілі баспанасына қол жеткізе алмай, алаяқтардың құрбаны болған. Жас қыз тәжірибесіздігінен заңгерге алданып, жалғыз үйінен айырылып қалған. Ол осы күнге дейін өз бетімен еңбектеніп, қиындықтарды жеңіп келсе де, баспана мәселесі шешімін таппаған.
"Мен әлемнің әлі де мейірімді жандардан тұратынына сенемін," — дейді ол өз жазбасында.
Бұл сөздер тағдырдың соққысына қарамастан, адамның адамға деген сенімі жоғалмағанын көрсетеді.