KZNEWS.KZ
Әлеумет

«2-3 баласы бар еркектер жасөспірім қыздарға хат жазады»: белсенділер 30-ға жуық педафилді анықтаған

• Жарқын Омаров
Фото: novosti-saratova.ru

Қазақстанда ересек ер адамдардың жасөспірім қыздарға әлеуметтік желі арқылы хабарласуы қоғамда алаңдаушылық тудырып отыр. Бұл туралы «Жаңа адамдар» қозғалысының өкілі Қуаныш Алмат «Алаш Орда» подкастында айтты, деп хабарлайды kznews.kz

Қозғалыс өкілдерінің айтуынша, «124» азаматтық науқаны кезінде соңғы бір жылда Қазақстанның әр өңірінен отызға жуық әлеуетті құқық бұзушы анықталған. Олардың арасында 2-3 баласы бар ер адамдар да болған.

Белсенділер мұндай жағдайды тек интернеттегі хат алмасу емес, балалардың қауіпсіздігіне төнетін нақты қауіп деп бағалайды.

Мысалы, Астанада белсенділер 12 жасар қыздың атынан әлеуметтік желіде аккаунт ашқан. Оған көп ұзамай ондаған ересек ер адам хабарласқан. Екі адам қызбен кездесуге келген.

Біріншісі - 29 жастағы, екі баланың әкесі. Белсенділердің мәліметінше, ол өзін 12 жастағы қыз ретінде таныстырған аккаунтқа интимдік сипаттағы материалдар жіберіп, кейін кездесуге келген. Екінші ер адам да кездесуге келген. Белсенділердің айтуынша, ол қызды «тәрбиелеу» үшін келгенін және оның есейгенін күтетінін айтқан. Ол өз әрекетін «Маған пәк қыз керек» деген сылтауымен түсіндірген.

Қуаныш Алмат мұндай адамдарды анықтаудың өзі мәселені толық шешпейтінін айтады.

«Бір, екі, тіпті жүз әлеуетті педофилді анықтау - мәселенің толық шешімі емес. Ең бастысы - қоғамның санасы мен қарым-қатынасын өзгерту», – дейді ол.

Оның айтуынша, балалардың қауіпсіздігі үшін қауіпті белгілерді ерте байқап, олармен ашық сөйлескен жөн.

«Балаларға көңіл бөлу, олармен сенімді қарым-қатынас орнату және жеке шекара дегеннің не екенін түсіндіру маңызды. Бұл - бәріміздің ортақ жауапкершілігіміз», - деді Қуаныш Алмат.

Жарқын Омаров
C.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің Журналистика факультетінің түлегі. Журналистика саласында 20 жылдан бері еңбек етіп келеді. Салал...
Автордың басқа материалдары →