Қазақстанда 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерге тіркелуіне тыйым салу мәселесі қарастырылып жатыр.
Бұл туралы Астанада өтіп жатқан Astana Media Week 2026 форумында ҚР Мәдениет және ақпарат бірінші вице-министрі Қанат Ысқақов мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz.
Вице-министрдің айтуынша, қазіргі уақытта балалардың әлеуметтік желілерді пайдалануын реттеуге бағытталған заңнамалық өзгерістер қарастырылуда.
Атап айтқанда, 16 жасқа дейінгі балалардың әлеуметтік платформаларға тіркелуін шектеу ұсынылып отыр. Алайда бұл талап WhatsApp пен Telegram сияқты мессенджерлерге қолданылмайды.
Сонымен қатар пайдаланушылардың жасын анықтауға мүмкіндік беретін бірыңғай алгоритм әзірлеу жоспарланып отыр. Бұл жүйе әлеуметтік желі қолданушыларының жас ерекшелігін тексеруге бағытталмақ.
Айта кетейік, әзірге аталған бастама заң жүзінде қабылданған жоқ. Тиісті өзгерістер мақұлданған жағдайда, Қазақстанда кәмелетке толмағандардың әлеуметтік желілерді пайдалану тәртібі өзгеруі мүмкін.