KZNEWS.KZ
Әлеумет

16 жасқа дейінгі балалардың әлеуметтік желідегі аккаунттары уақытша тоқтатылуы мүмкін

• Жарқын Омаров
Фото: shutterstock

Қазақстанда балалардың әлеуметтік желілерге қолжетімділігін шектеу тетігі әзірленіп жатыр. Бұл мәселе бойынша заңнамаға енгізілетін өзгерістер қазір депутаттардың қарауында.

Премьер-министр Олжас Бектенов Құрылтай депутаттарының сауалына берген жауабында жаңа талаптар қабылданғаннан кейін онлайн-платформа қолданушыларының жасын растау тәртібі әзірленетінін айтты. Бұл жұмысты Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі жүргізеді.

Жас ерекшелігін анықтау кезінде онлайн-платформалардың қолданыстағы технологиялары, жасанды интеллект арқылы сәйкестендіру, қолданушы қарайтын контенті мен аккаунттағы белсенділігі ескерілмек.

Бектеновтің айтуынша, қазірдің өзінде технологиялар адамның жасын бет-әлпеті арқылы, сондай-ақ оның қандай контент көретіні, қандай парақшаларға жазылғаны, қандай қауымдастықтарға кіретіні және аккаунттағы өзге де белсенділігі негізінде анықтай алады.

Премьер-министр Meta компаниясының қолданушы жасын тексеруге арналған AgeKey жүйесін енгізуді жоспарлап отырғанын да атап өтті. Бұл технология биометриялық аутентификацияда қолданылатын passkey қағидатына негізделген.

Әлеуметтік желілер бірден бұғатталмайды

Жаңа талаптарды енгізу үшін заң күшіне енгеннен кейін өтпелі кезең қарастырылмақ.

Сонымен қатар 16 жасқа толмаған қолданушылардың онлайн-платформалардағы қазіргі аккаунттарын уақытша тоқтату мәселесі қаралады.

Қазақстанда балалардың әлеуметтік желілерге қолжетімділігін шектеу мәселесі бұған дейін де көтерілген. Депутаттар әлеуметтік желілерді шамадан тыс пайдалану балалардың кітап оқуға, спортпен айналысуға және отбасымен араласуға бөлетін уақытын азайтады деп санайды. Олардың пікірінше, бұл зейіннің төмендеуіне, ақпаратты қабылдау тереңдігінің және сыни ойлау қабілетінің әлсіреуіне әсер етуі мүмкін.

Жарқын Омаров
C.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің Журналистика факультетінің түлегі. Журналистика саласында 20 жылдан бері еңбек етіп келеді. Салал...
Автордың басқа материалдары →