Батыс Аустралия жағалауында демалып жүрген бір отбасы қатты жел мен ағысқа тап болып, ашық теңізге қарай сырғып кеткен, деп хабарлайды KzNews.kz.
Оқиға 2026 жылғы 30 қаңтарда, Куиндалап маңындағы Джеограф-Бей аумағында болған. Жергілікті полиция дерегінше, 13 жастағы Остин Эпплби отбасы мүшелерін құтқару үшін қолайсыз жағдайда жағаға қарай шамамен 4 шақырым жүзіп барып, көмек шақырған.
Отбасы қайықпен және теңізде ескекпен жүзетін тақтаймен серуендеп жүргенде, жел оларды шамамен 4 км ашыққа алып кеткен. Күн еңкейіп, жарық азая бастағанда Остин жағаға жетіп, көмек шақыруға бел буады. Ол қайықпен біршама жүзіп көрген, бірақ қайыққа су кірген соң, әрі қарай жүзуге мәжбүр болған. Құтқарушыларға шамамен кешкі 18:00-де хабар берілгені айтылады.
Остин кейінгі сұхбатында толқынның қатты болғанын, бірнеше жүзу әдісін алма-кезек қолданғанын айтады.
«Іштей “жарайды, бүгін емес, бүгін емес, бүгін емес” деп қайталай бердім, тоқтамауым керек болды. Толқын өте үлкен еді. Брасс та, еркін жүзу де, арқамен қауіпсіз жүзу тәсілін де қолдандым. Жағаға жақындап, аяғым құмға тигенде бірден құлап түстім. Бірақ содан кейін телефонға жету үшін тағы екі шақырымдай жүгіріп баруға тура келді», — деді Остин.
Остин дабыл қаққаннан кейін су полициясы үйлестірген іздеу-құтқару жұмысы басталып, кешкі 20:30 шамасында құтқару тікұшағы оның 47 жастағы анасы Джоанн Эпплбиді, 12 жастағы бауыры Боны және 8 жастағы қарындасы Грейсті сапбордқа жабысып тұрған күйде анықтаған. Артынша ерікті теңіз-құтқару кемесі жеткізіліп, үшеуі де жағаға аман шығарылған.