Сербия президенті Александр Вучич алдағы апталарда қызметінен кететінін мәлімдеді. Ол бұл туралы 27 маусым күні өз жақтастары қатысқан митингте айтты, деп хабарлайды kznews.kz.
Reuters мәліметінше, Вучичтің отставкасынан кейін Сербияда мерзімінен бұрын президенттік және парламенттік сайлау өтуі тиіс. Сайлау нақты қай күні өтетіні әзірге белгісіз, алайда алдын ала болжам бойынша, саяси науқан алдағы бірнеше айдың ішінде ұйымдастырылуы мүмкін.
Александр Вучич Сербия билігінде ұзақ жылдан бері отыр. Ол 2014 жылдан бері ел саясатындағы ең ықпалды тұлғалардың бірі саналады: алдымен премьер-министр, кейін президент қызметін атқарды.
Вучичтің президент ретіндегі екінші мерзімі 2027 жылдың ортасында аяқталуы керек еді. Сербия Конституциясына сәйкес, бір адам қатарынан екі мерзімнен артық президент бола алмайды.
Осыған байланысты Вучич бұған дейін билікте қалу үшін Конституцияны өзгертпейтінін айтқан. Дегенмен ол саясаттан толық кетпейтінін аңғартып отыр.
Сербия басшысының сөзінше, егер партиясы қолдау білдірсе, ол алдағы парламенттік сайлауға қатысуы мүмкін. Сондай-ақ Вучич премьер-министр лауазымына үміткер болу ықтималдығын жоққа шығармады.
Айта кетейік, Вучич 2014-2017 жылдары Сербия үкіметін басқарған. Сарапшылар оның президенттіктен кеткеннен кейін де ел саясатындағы ықпалын сақтап қалуы мүмкін екенін айтады.