KZNEWS.KZ
Спорт

12 жыл күткен алтын: Төрехан Сабырхан Азия ойындарының чемпионы атанды

• Асқар Алтайұлы
Фото: t.me/Turizm_jane_sport_ministrligi

70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен қазақстандық боксшы финалда Иордания өкілі З. Ишашпен кездесті. Сабырхан қарсыласын төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен 5:0 есебімен жеңді, деп хабарлайды kznews.kz.

Қазақстандық боксшылар Азия ойындарында соңғы рет 2014 жылы Инчхонда чемпион атанған еді. Одан кейін Джакарта мен Ханчжоуда өткен жарыстарда ұлттық құрама алтын медаль иелене алмады.

Төрехан Сабырхан биылғы Азия ойындарына ұлттық құраманың көшбасшыларының бірі ретінде келді. Ол 2025 жылы Ливерпульде World Boxing ұйымы өткізген ересектер арасындағы алғашқы әлем чемпионатында жеңімпаз атанған. Сол жарыста Қазақстан құрамасы жеті алтын, бір күміс және екі қола медальмен жалпыкомандалық есепте бірінші орын алды.

Қазақстандық боксшылар биыл да халықаралық жарыстарда табысты өнер көрсетті. Ұлттық құрама Қытайда өткен Әлем кубогының кезеңінде бес алтын медаль жеңіп алса, Испаниядағы Boxam Elite турнирінде 17 жүлдеге, соның ішінде алты алтынға ие болды.

Елімізде боксты дамытудың 2026–2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілген. Құжат жаттығу үдерісін жетілдіруді, инфрақұрылымды дамытуды, спортшыларды ғылыми және медициналық сүйемелдеуді күшейтуді, жаттықтырушылар мен төрешілердің біліктілігін арттыруды көздейді.

Қазір Қазақстанда 153 мыңнан астам адам бокспен айналысады. Барлық 20 өңірде екі мыңнан астам жаттықтырушы жұмыс істейді. Балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінде 39 мыңнан астам бала осы спорт түрімен шұғылданады.

Асқар Алтайұлы
Kznews.kz сайтының Бас редакторы. ҚазҰУ Журналистика факультетінің түлегі. Медиаменеджер. БАҚ саласында 22 жылдық тәжірибесі бар. Кәсіби блогер.
Автордың басқа материалдары →