Павлодарда әлеуметтік желі арқылы кәмелетке толмаған қызбен (12 жас) байланыс орнатпақ болған ер адам әшкереленіп, полицияға тапсырылды, деп хабарлайды kznews.kz. Оқиға «Жаңа адамдар» қозғалысының 124 азаматтық науқаны аясында жүргізілген бақылау жұмыстары кезінде анықталған.
Белсенділер балаларға қатысты қауіп-қатерлерді анықтау мақсатында әлеуметтік желіде 12 жастағы қыздың атынан арнайы аккаунт ашқан. Жасы нақты көрсетілгеніне қарамастан, парақшаға қызығушылық танытқан ер адамдар саны қысқа уақытта көбейген.
Солардың бірі – 29 жастағы Камалов Айдар (жалған аты – «Аян Каримов») – ерекше белсенділік танытып, әңгіме барысында бірнеше рет қыздың жасы ескертілсе де, тоқтамаған. Керісінше, ол ашық сипаттағы ұсыныстар жасап, өз ниетін жасырмаған.
Кейін ол Екібастұздан Павлодарға дейін арнайы келіп, кездесуге келіскен. Алайда белгіленген жерде оны белсенділер ұйымдастырған «қарабет дәлізі» қарсы алды. Онда оның жазбалары мен жіберген материалдарының скриншоттары орналастырылған.
Әшкерелеу барысында күдікті барлық дәлелдермен бірге құқық қорғау органдарына тапсырылды.
«Бұл жағдайды жай ғана оқып, таңғалып, ұмытып кетуге болады. Бірақ мәселе біз ойлағаннан да тереңде жатыр. Мұндай оқиғалар қоғамдағы бейжайлықтан туындайды», — дейді «Жаңа адамдар» қозғалысының өкілі Валерия Глазунова.
Ұйым өкілдері ата-аналарды балаларымен ашық сөйлесуге, олардың мінез-құлқындағы өзгерістерге назар аударуға және күмәнді жағдайларда бейжай қалмауға шақырады.
Балалардың қауіпсіздігі – қоғамның ортақ жауапкершілігі.