Әлеумет

12 адамның өмірін жалмаған өрт оқиғасы: Үкіметте оқиғада қылмыс құрамы жоқ екені айтылды

12 адамның өмірін жалмаған өрт оқиғасы: Үкіметте оқиғада қылмыс құрамы жоқ екені айтылды
Фото: видеодан алынды

12 адамның өмірін жалмаған өрт оқиғасы Үкіметте сөз болды, деп хабарлайды kznews.kz.

Алғаш болып сөз алған Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев кеше таңғы сағат 05:36-да Алғабас ауылындағы жеке тұрғын үйде өрт шыққанын жеткізді. Екі қабатты үй толықтай өртеніп, шатырдың бір бөлігі опырылып түскен.

Төтенше жағдайлар министрлігінің 20 қызметкері мен 5 техникасы жедел жұмылдырылып, өрт сағат 07:22-де толығымен сөндірілген.

«Өкінішке қарай, тілсіз жау 12 адамның өмірін қиды, олардың 9-ы — балалар. Тағы үш адам жарақат алып, Жетісай аудандық ауруханасының реанимация бөлімінде жатыр. Оқиға орнында тергеу жүргізіліп жатыр, өрттің нақты себебі анықталуда. Алдын ала деректер бойынша, қылмыс белгілері байқалмайды. ҚК-тің 292-бабының 3-бөлігі бойынша (“Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу”) сотқа дейінгі тергеу басталды», — деді Бозымбаев.

Оның айтуынша, Үкіметтік комиссия отырысы өткізіліп, қайтыс болғандар мен зардап шеккендердің отбасыларына көмек көрсету, жерлеу рәсімін ұйымдастыру, өрттің шығу себептерін анықтау және осындай жағдайлардың алдын алу шараларын жүзеге асыру жөнінде бірқатар тапсырмалар берілген.

Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет атынан қаза тапқандардың туған-туыстарына көңіл айтты. Ол Мемлекет басшысының тапсырмасымен арнайы Үкіметтік комиссия құрылып, оқиғаның себептерін анықтау жұмыстары жүріп жатқанын атап өтті.

«Зардап шеккендер мен қаза тапқан азаматтардың отбасыларына барлық қажетті көмек — материалдық та, медициналық та — көрсетіледі. Жалпы, жылыту маусымы басталғалы тұрғын үйлердегі өрт саны көбейгенін байқап отырмыз. Бұл мәселені қазан айында қараған едік, алайда жағдай әлі де жақсарып отырған жоқ. Сондықтан алдын алу және түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет. ТЖ министрлігі орталық және жергілікті органдардың әрекеттерін тиімді үйлестіруді қамтамасыз етуі тиіс. Әкімдіктер мен ІІМ-мен бірлесіп, тұрғын үй секторын, әсіресе жатақханалар, хостелдер және әлеуметтік осал топтардың үйлерін аралап, тексеру жүргізу қажет», - деді Бектенов.

Сонымен қатар, Мәдениет министрлігі мен жергілікті әкімдіктерге бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде түсіндіру жұмыстарын күшейту тапсырылды. Газ-техникалық инспекцияның қауіпсіздік талаптарын бақылау жұмыстары да күшейтіледі. Орын алған оқиғадан тиісті қорытынды шығарып, мұндай жағдайларды болдырмау үшін нақты ұсыныстар әзірлеу қажеттігі айтылды.

Ұқсас материалдар

Барлығы
KZNews.kz