Орал қаласында Ұлы Отан соғысының ардагері, "Халық қаһарманы" Иван Гапичпен қоштасу рәсімі өтті, деп хабарлайды kznews.kz.
Бас прокуратураның мәліметінше, майдангерді ақтық сапарға шығарып салуға Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев, өңірлік прокуратуралардың басшылары, мемлекеттік органдардың өкілдері, ардагерлер, марқұмның туған-туыстары мен қала тұрғындары қатысты.
«Иван Степановичтің есімі отандық прокуратура тарихында ерліктің, мемлекетке адал қызмет етудің және өз ісіне шексіз берілгендіктің символы ретінде мәңгі сақталады», – деді Ғалымжан Қойгелдиев.
Ол Бас прокурор Берік Асыловтың атынан марқұмның отбасы мен жақындарына көңіл айтты.
Соғыстан өтіп, екі рет Жеңіс шеруіне қатысты
Иван Гапич Ұлы Отан соғысына қатысып, Польша, Чехословакия және Украина аумақтарын азат етуге атсалысқан.
Ол 1945 жылғы 24 маусымда Мәскеудегі Қызыл алаңда өткен Жеңіс шеруіне қатысушылардың бірі болды. Арада 65 жыл өткен соң мерейтойлық шара аясында Қызыл алаңмен қайта жүріп өтті.
Соғыстан кейін Иван Гапич прокуратура органдарында 40 жылдан астам қызмет атқарды. Осы жылдары бірнеше өңірдің прокуратурасын басқарып, ведомствоның орталық аппаратында жетекшілік лауазымдарды атқарды.
Қызметінің соңғы жиырма жылында Батыс Қазақстан облысы прокурорының бірінші орынбасары болды.
Иван Гапичке елді қорғауға қосқан үлесі және мемлекеттік қызметтегі көпжылдық еңбегі үшін «Халық қаһарманы» атағы берілген.