Зейнетақы жинағы: активтер артқанымен, салымшылар көбейген жоқ
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

“100-ге келгенде тағы таңғалдырамын”: 97 жастағы британдық әжей ұшақ қанатында тұрып, рекорд жаңартты

“100-ге келгенде тағы таңғалдырамын”: 97 жастағы британдық әжей ұшақ қанатында тұрып, рекорд жаңартты
Фото: Andrew Matthews/PA Images via Getty Images

Ұлыбританиялық Бетти Бромейдж 97 жасында ұшып бара жатқан ұшақтың қанатына шығып, өзінің бұрынғы рекордын жаңартты. Осылайша ол әуеде ұшақ қанатында тұрып экстремалды сынақтан өткен әлемдегі ең қарт әйел атанды, деп хабарлайды kznews.kz.

Бұл Бетти Бромейдждің соңғы он жылда қатысып отырған осындай алтыншы сынағы. Алайда биылғы дайындық оның өміріндегі ең күрделі кезеңдердің біріне тұспа-тұс келген. Өткен жылдың тамыз айында әйел инсульт алып, соның салдарынан сөйлеу қабілеті бұзылған.

Денсаулығына байланысты қиындықтарға қарамастан, Бромейдж жоспарын өзгертпеген. Ол мүмкіндігі болғанша қозғалыста болып, өмірден жаңа әсер алуға тырысатынын айтады. Жасы ұлғайған сайын кейбір мүмкіндіктерінен айырылғанымен, белсенді өмір салтын сақтауды маңызды санайды.

Қазір оның көру қабілеті бұрынғыдай емес. Сол себепті көлік жүргізуді де тоқтатуға тура келген. Дегенмен Бетти мұндай шектеулерге қарамастан, ерекше сынақтардан бас тартқысы келмейді.

«Жаңа әсерлер мен сынақтар болмаса, өмір бірсарынды болып кетуі мүмкін», – дейді ол.

Бұл жолы ең үлкен қиындық ұшақтың қанатында болған сәт емес, оған көтерілудің өзі болған. Бойының қысқалығы салдарынан Бромейдж ұшақтың қанатына шығуда біраз қиналған.

Ал ұшақ көкке көтерілгеннен кейінгі сәт оның ойлағанындай қорқынышты болмаған. 97 жастағы рекорд иесі кейбір ойын-сауық саябақтарындағы аттракциондар одан әлдеқайда үрейлі әсер қалдыратынын айтқан.

Бетти бұл сынақты жеке рекорд үшін ғана ұйымдастырмаған. Экстремалды ұшу қайырымдылық мақсатында өткізілген. Жиналған қаражат Бромейдж инсульттан кейін ем алған Челтнем ауруханасына аударылады. Қаржы медициналық мекемеге қажетті құрал-жабдықтарды сатып алуға, сондай-ақ пациенттер мен медицина қызметкерлерінің жағдайын жақсартуға жұмсалмақ.

Қарт әйел алдағы уақытта да жаңа сынақтарға қатысудан үмітті. Оның айтуынша, 100 жасқа толғанда тағы бір ерекше рекорд орнатуға ниетті.

Осылайша, Бетти Бромейдж жасы ұлғайған сайын өмірге деген қызығушылығы мен батылдығын жоғалтпайтынын тағы бір мәрте дәлелдеді.

Автор
Айжан Сыланова

2023 жылдан бастап Kznews.kz сайтында тілші қызметін атқарады. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі. Аймақтық және интернет-басылымдарда еңбек өтілі бар.