KZNEWS.KZ
Білім

“10-сынып көбейту кестесін білмейді”: Мұғалімдер әлеуметтік желіде білім сапасына шағымдануда

Айжан Сыланова
Фото: mygorod.online

Қазақстанда оқушылардың базалық білім деңгейіне қатысты мәселе әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Мұғалімдер жоғары сынып оқушыларының арасында көбейту кестесін білмейтіндер барын айтып, білім сапасына алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды kznews.kz

Талқылауға бір ұстаздың 10-сыныптағы 16 оқушының 13-інен көбейту кестесін сұрап, сегізі толық білмейтінін анықтағаны туралы жазбасы себеп болған. Басқа педагогтер 8-сынып оқушыларына көбейтуді қайта үйреткенін, тіпті 11-сыныпта көбейту кестесін меңгермеген оқушы кездескенін айтқан.

Жекелеген мысалдармен қатар, ресми деректер де білімдегі олқылықты көрсетеді. 2025 жылғы мониторингте оқушылардың математикалық сауаттылығының орташа көрсеткіші 52,9 пайыз болған.

Ал PISA-2022 зерттеуінде Қазақстандағы 15 жастағы оқушылардың тек 50 пайызы математикадан, 36 пайызы оқудан, 55 пайызы жаратылыстанудан ең төменгі функционалдық деңгейге жеткен.

Мұғалімдер білім сапасымен қатар, қағазбастылықтың да оқу процесіне әсер ететінін айтып келеді. Олардың сөзінше, сабақтан бөлек жоспар, мониторинг және түрлі есептерге көп уақыт жұмсалады.

Осы жағдай мектептегі басты нәтиже есеп емес, оқушының нақты білімі болуы керектігі жөніндегі мәселені қайта көтерді.

Айжан Сыланова
2023 жылдан бастап Kznews.kz сайтында тілші қызметін атқарады. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі. Аймақтық және интернет-басылымдарда еңбек өтілі бар.
Автордың басқа материалдары →