Атырауда Сұлтан Сәрсемәлиевке қатысты басты сот талқылауы 28 мамырда басталады. Ол Қылмыстық кодекстің 13 бабы бойынша айыпталып отыр, деп хабарлайды kznews.kz.
Бұған дейін іс материалдарында Наурыз Мұқанғалиевтің өліміне қатысты деректер жарияланған еді. Енді сотта мемлекеттік айыптаушы Сәрсемәлиевтің ата-енесі Мақсот Қарабалин мен Нәсіп Өтешқалиеваның өліміне қатысты айыптау актісін оқыды.
Айыптау актісіне сәйкес, ерлі-зайыпты 2025 жылдың 3 қарашасында қаза тапқан. Бір күн бұрын, яғни 2 қарашада Сәрсемәлиев әйелі Ақбаян Мұқанғалиева мен 2022 жылы туған қызын ертіп, таксимен Қызылқоға ауданы Жангелдин ауылына барған. Бұл ауылда оның ата-енесі тұрған.
Тергеу нұсқасы бойынша, үйге келгеннен кейін Сәрсемәлиев пен енесі Нәсіп Өтешқалиева арасындағы бұрыннан бар дау қайта ушыққан. 3 қараша күні Өтешқалиева қызы мен жиенін өз қасында қалдырып, қалған төрт баланы да ауылға алып келуді талап еткен.
Айыптау тарапының мәліметінше, Сәрсемәлиев бұл талап орындалса, балаларынан айырылып қалуы мүмкін деп ойлаған. Осыдан кейін ол ата-енесін өлтіру туралы шешім қабылдаған деп көрсетілген.
Прокурордың айтуынша, күдікті алдымен марқұм Мақсот Қарабалиннің банк қосымшасына кіріп, коммуналдық төлемдерді кейін өзі төлеп отыру үшін қажетті деректерді телефонына көшіріп алған. Кейін екі адамды үй ішінде өлтіру қиын екенін түсініп, қылмысты ауладағы сарайда жасауды жоспарлаған.
Айыптау актісінде 2025 жылдың 3 қарашасы күні кешкі уақытта ерлі-зайыптының сарайға кіріп-шығып жүргені айтылған. Шамамен сағат 18:00-де Сәрсемәлиев сарайға кіріп, ет турауға арналған пышақты көрген. Прокурордың сөзінше, ол осы пышақты қылмыс құралы ретінде дайындап қойған.
Кешкі сағат 19:00 шамасында ол аулада отырып, Қарабалин немесе Өтешқалиеваның сарайға кіруін күткен. Алдымен Нәсіп Өтешқалиева шыққан. Айыптау тарапының мәліметінше, Сәрсемәлиев оның артынан сарайға кіріп, ішкі бөлмеде шаруасын істеп жүрген әйелге пышақ сұққан. Өтешқалиева оқиға орнында көз жұмған.
Осыдан кейін ол сарайға Мақсот Қарабалиннің кіруін күткен. Қарабалин ішке кірген кезде Сәрсемәлиев оған да бірнеше жерден пышақ сұққан. Соққы салдарынан ер адам еденге құлап, сол жерде қайтыс болған.
Айыптау актісіне сәйкес, екі адамды өлтіргеннен кейін Сәрсемәлиев қылмысты жасыруға кіріскен. Ол сарайды кілттеп, үйге кірген. Қас қарайғаннан кейін түн ішінде қайтадан сарайға барған.
«Сағат 00:00 шамасында кереуеттің астындағы қара жерді 1 метр 30 см тереңдікте қазып, екі мәйітті сол жерге көмген. Кейін үстіне линолеум төсеген. Сарай ішіндегі қан іздерін сүртіп, тазалаған», – делінген айыптау актісінде.
Сонымен қатар айыптау тарапы Сәрсемәлиевтің кейін Өтешқалиеваның банк картасын, телефонын, алтын бұйымдарын, ал Қарабалиннің банк картасы мен 60 мың теңгесін иемденгенін мәлімдеді.
Іс бойынша соңғы шешімді сот қабылдайды.