KZNEWS.KZ
Қоғам

1 қарашадан бастап салық берешегі бар компаниялар директорын ауыстыра алмайды

• Айгерім Асылова
фото: ашық дереккөз

Қазақстанда салық берешегі 45 айлық есептік көрсеткіштен, яғни 2026 жылы 194 625 теңгеден асатын компаниялар 1 қарашадан бастап басшысын және заңды мекенжайын өзгерте алмайды. Шектеу қарыз төрт ай бойы өтелмеген жағдайда қолданылады, деп хабарлайды kznews.kz Мемлекеттік кірістер комитетіне сілтеме жасап хабарлайды.

Мемлекеттік кірістер комитеті Аудит департаментінің берешекпен жұмыс басқармасының басшысы Қайсар Арынның айтуынша, төрт айлық мерзім 1 шілдеден бастап есептеледі. Сондықтан алғашқы электронды хабарламалар 1 қарашадан бастап орындалмай қалуы мүмкін.

“Бұл норма салық төлеушілердің жағдайын нашарлататындықтан, 1 қарашадан бастап қолданылады. Берешегі бар азаматтар осыны ескергені жөн”, – деді Қайсар Арын комитеттің Instagram желісіндегі тікелей эфирінде.

Комитет өкілінің түсіндіруінше, кейбір компаниялар салық берешегін төлемеу үшін қарызын үйсіз немесе әрекетке қабілетсіз адамдардың атына рәсімдеп, басқа өңірге көшіп кететін жағдайлар кездеседі. Жаңа шектеу осындай әрекеттердің жолын кесу үшін енгізіліп отыр. Шектеу тек компания басшысын немесе заңды мекенжайын ауыстырумен шектелмейді. Хабарлама тәртібімен тіркелетін өзге де өзгерістерге қатысты электронды өтініштер орындалмай қалуы мүмкін. Олардың қатарында қызмет түрін, түпкі бенефициарлық меншік иесін және байланыс деректерін өзгерту, жарғылық капиталды ұлғайту, үлесті сенімгерлік басқаруға беру, сондай-ақ құрылтай құжаттарына өзгерістер енгізу бар. Бұл талап акционерлік қоғамдардан басқа жеке кәсіпкерлік субъектілерінің орналасқан жерін өзгертуіне де қатысты. Сонымен қатар компания басшысы немесе құрылтайшысы басқа заңды тұлғада да басшылық етсе, сол компанияның әлеуметтік төлемдер бойынша берешегі болған жағдайда да шектеу қолданылуы мүмкін.

Салық берешегіне байланысты қандай шаралар қолданылады?

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап салық берешегін өндіріп алу шаралары оның мөлшеріне қарай қолданылады. Егер қарыз 20 АЕК-тен, яғни 86 500 теңгеден аспаса, салық төлеушіге хабарлама жіберіліп, өсімпұл есептеледі. Берешек 20 АЕК-тен асқан жағдайда банк шоттары мен кассадағы шығыс операциялары тоқтатылып, шоттардағы қаражат есебінен өндіріп алу шаралары қолданылуы мүмкін. Ал қарыз 45 АЕК-тен асса, мүлікке билік етуге шектеу қойылып, берешекті дебиторлар есебінен өндіріп алу шаралары қарастырылады. Бұдан бөлек, 2026 жылғы 1 шілдеден бастап салық берешегі 27 мың АЕК-тен, яғни 116 миллион 775 мың теңгеден асатын және үш айдан астам уақыт өтелмеген жағдайда компаниялардың бірінші басшыларына, жеке кәсіпкерлерге және жеке практикамен айналысатын адамдарға Қазақстаннан шығуға уақытша шектеу қойылуы мүмкін. Бұл үшін берешекті өндіріп алу шаралары алдын ала қолданылып, соттың санкциясы алынуы қажет.

Салықтық тексерулерге де өзгеріс енгізілуі мүмкін

Мемлекеттік кірістер комитеті салықтық тексерулерді тағайындау тәртібін де жетілдіруді жоспарлап отыр. Комитет төрағасының орынбасары Жәнібек Нұржановтың айтуынша, автоматтандырылған жүйеден тыс анықталған салық және өзге де заңнама бұзушылықтарын тексеруге негіз ретінде енгізу ұсынылған.

Қазір салық төлеушілерді тексеруге іріктеу тәуекелдерді басқару жүйесі арқылы жүргізіледі. Алайда тәуекелдің анықталуы заңбұзушылықтың болғанын әрдайым толық растай бермейді. Сондықтан комитет тәуекелдер негізінде іріктелген салық төлеушілердің бір бөлігін таңдап тексеруді ұсынады. Бұл ретте тексерулерді тағайындау тәртібіне өзгеріс енгізу салық органдарының өкілеттігін кеңейту емес, тәуекелдерді бағалау жүйесін жетілдіру ретінде түсіндіріліп отыр.

Айгерім Асылова
Айгерім Асылова – Kznews.kz сайтының тілшісі. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі, республикалық порталдарда жұмыс тәжірибесі бар журналист.
Автордың басқа материалдары →