KZNews.kz
Қоғам

1 052 қылмыстық іс: жемқорлықпен күресте "итжығыстан" әрі аспадық

Фотоиллюстрация: Kznews.kz

Ұлттық қауіпсіздік комитеті Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметінің өткен жылғы жұмыс қортындысы жарияланды.

Өкінішке қарай, елімізде сыбайлас жемқорлықпен күрес бағытындағы жұмыс күн тәртібінен түскен емес. Алдағы кезеңде де қарқын ала беретін сияқты. Өйткені, заң мен тәртіп талабының күшейгеніне қарамастан пара алатындар мен мемлекет қазынасына қол салатындар қатары азаяр емес.

Бір анығы, 2025 жыл сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүйесінде түбегейлі өзгерістер болды. Бұрын агенттік деңгейінде жеке құрылым ретінде жұмыс істеген күрес қызметі Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қосылып, азулы мекемеге айналды. Сәйкесінше, жемқорлықпен күрес стратегиясы өзгеріп, жоғары деңгейде "кең құлашты тазалау" механизмі іске қосылды. 

Жалпы, өткен жыл ішіндегі Ұлттық қауіпсіздік комитетінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылы нәтижелері бұл індеттің ауқымы мен оған қарсы күрестің де ымырасыз бағытқа беттегенін айқын көрсетеді. Яғни, ресми деректер бір жағынан — мемлекеттік органдардың белсенділігін, екінші жағынан — жүйелі проблемалардың әлі де сақталып отырғанын аңғартады.

Ал жемқорлық қылмысы саны азаймады ма?

ҰҚК дерегінше, өткен жылы 895 адамның заңсыз әрекеті әшкереленіп, 1 052 қылмыстық іс қозғалған. 969 істің тергеуі аяқталған. 860 іс сотқа жолданған. Демек, ҰҚКға қосылған антикордың анықтау және дәлелдеу базасының күшейгені байқалады.

Алайда бұл көрсеткіштер мемлекет жүйесінде сыбайлас жемқорлықтың әлі де кең таралғанын жоққа шығармайды. Саралап көрсек, ашылған істердің басым бөлігі пара алу, пара беру және бюджет қаражатын жымқырумен байланысты. Бұл — мемлекеттік сатып алу, инфрақұрылым, әлеуметтік сала секілді қаржы айналымы жоғары бағыттарда бақылаудың әлсіздігін аңғартады. Сарапшылардың пікірінше, дәл осы салалар жүйелі реформаны қажет етеді.

Сондай-ақ, ҰҚК Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметі 2025 жылы мемлекет бюджетіне 16,1 млрд теңгенің қайтарылуына ықпал етіпті. Және 3,3 млрд теңге көлеміндегі мүлікке тыйым салынған екен. Әрине, бұл сомалар ел бюджеті көлемімен салыстырғанда тамшыдай ғана. Есесіне, сыбайлас жемқорлықпен күресте азаматтық бақылау күшейіп келеді. 

Оны қоғам тарапынан жемқорлық фактілерін хабарлау дерегінің көбейгенінен көруге болады. Мысалы, былтыр 61 азамат сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабар бергені үшін 24,2 млн теңге көлемінде сыйақы алған. көрсетілген. Бұл қоғамда жемқорлыққа төзбеушілік әдетінің біртіндеп қалыптасып келе жатқанын білдіреді. Дегенмен, бұл көрсеткіш ел халқының жалпы санына шаққанда әлі де төмен.

Қорыта айтқанда, ҰҚК Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметінің 2025 жылғы статистикасы сыбайлас жемқорлықпен күресте нақты нәтижелер бар екенін көрсетеді. Бірақ негізгі мәселе — қылмысты ашуда емес, оның алдын алуда екенін ұмытпау керек. Ашықтықты арттыру, цифрландыруды тереңдету және қоғамдық бақылауды күшейту биылғы жұмыстың басты міндеттері болып қала бермек.

Қалмаханбет Мұқаметқали
Автордың басқа материалдары