Жемқорлық — қоғамның дамуына кедергі келтіретін ауыр қылмыс
Қазақта «бір кісі таққа отырса, жүз кісі атқа қонады» деген сөз бар. Өкінішке қарай, заман озды дейсіз бе, дәстүр тозды дейсіз бе, аталы сөзді керісінше ұғынып, жауапты лауазым, атақ-даңқты бақай есепке пайдаланған жағдайларды да көз көріп, құлақ есітіп жүр. Бұл, әрине атой салып сүйіншілейтін жаңалық емес, қоғам дерті. Жемқорлық — қоғамның дамуына үлкен кедергі келтіріп, ел экономикасына қауіп төндіретін ауыр қылмыс. Күрделі деуге де себеп жоқ емес, бір жемқорлықтың орын алуы жалғыз ғана салаға зиян келтірмейді, тұтас жүйеге қауіп төндіреді.
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев дәл осы жемқорлық мәселесіне байланысты «қоғамның басты талабының бірі – әділдік пен заң үстемдігін орнату. Бұл жолдағы ең үлкен кедергі сыбайлас жемқорлық екені сөзсіз. Біз осы қоғамдық кеселді қалайда жеңуіміз керек. Бұған қатысты менің ұстанымым өзгермейді», деп баршамызға үлкен жауапкершілік артты. Өйткені еліміздің гүлденуіне кедергі келтіретін әрекеттер — осы елдің әр азаматын ойландыруы тиіс. Сондықтан Қазақстан үшін сыбайлас жемқорлықты жеңу мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі болып табылады.
фото: kz-oqu.news