Кегенде ірі-қара мал басы 87 пайызға өсті

0

Кереге таулы киелі мекен- Кеген. Қазіргі таңда аудан дамуының негізі ауылшаруашылығы мен туризм саласы. Аймақтағы өнеркәсіп өндірісінің көлемі былтыр 23 670 миллион теңгеге жетсе, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 36 252 млн теңгеден асқан. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаев айтты.

Аудан әлеуетін асқақтатар басты сала ауыл шаруашлығында былтырғы жылы оң нәтижеге қол жеткізілді. Атап айтар болсақ, өткен жылы ауданда 93,0 млн теңгеге 12 ауылшаруашылығы техника сатып алынды. Шараулардың жүгін жеңілдеткен техниканың көмегімен 8212 га алқапқа дәнді-дақылдар себілді. Күзгі жиын-терін жұмыстарында аталмыш аумақтан 16 467 тонна өнім алынды. Төрт түліктен пайда тапқан мекенде мал шаруашылығы да жолға қойылған. Бүгінде бұл өлкеде 1827 шаруа қожалығы тіркелген.

«Кеген ауданында ірі-қара мал 47 932 басқа жетіп, былтырғы жылмен салыстырғанда 87,8 пайызға өсті. Мал басын көбейту мақсатында 20 150 га жылдық шөптен және 21 136 га шабындық жерлерден 60 049 тонна мал азығы дайындалды. Алдағы уақытта мал басын асылдандыру үшін арнайы жоспар бойынша жұмыс жүргізіледі»,-деді аудан әкімі Нұрбақыт Молдахметұлы.

Аудан басшысының сөзіне сенсек, жер телімдерін мемлекет меншігіне қайтару ісі ілгерлеген. Жалпы ауданы 10 561 га жер мемлекетке өткен. Оның ішіде 9567 га жайылымдық, 341 га шабындық, 653 га егістік алқабы бар. Сондай-ақ сот шешімімен барлығы 6236 гектар ауылшаруашылығы мақсатындағы игерілмеген жер мемлекеттік меншікке берілді.
Кегеннің экономикалық жай- күйін жақсартатын тағы бір бағыт- шағын және орта бизнес. Баспасөз мәслихаты барысында кәсіпкерлік негіздеріне тоқталған аудан әкімі Кегенде 3433 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелгенін алға тартты.

«Кәсіпкерлік салада 198 заңды тұлға еңбек етсе, 1408 жеке кәсіпкерлік жұмыс жасап келеді. Сәйкесінше, бизнесін өркендеткен кәсіпкерлерден қазынаға түскен салық көлемі 500,0 млн теңгеге жеткен жайы бар»,-деп қорытындылады Нұрбақыт Теңізбаев .