«Кәсіпкер болғысы келетін әйел ішкі тәртіпті сақтауы қажет» — Ризза Даутбаева

0

Әсемдікпен егіз жаратылған дара болмыс иесі. Оның өн бойы нәзіктікке, көркемдікке құштар. Үш бірдей бұрымдының анасы, отызында орда бұзған қайсар жан — Ризза Даутбаева.

Алматы облысы Жамбыл ауданының тұрғыны Ризза Беимбетқызының туған жері Текелі қаласы.   1990 жылы ұстаздар отбасында өмірге келген кейіпкеріміз бала кезден жаңашылдыққа бейім болған. Бойындағы осы бір қасиет ата-анам еккен білім дәнегінің жемісі, берген тәрбиесінің айқын көрінісі дейді.  Жетісудың тауының бөктерінде өскен ерке қыз көп жастың біріндей арманын арқалап, Алматы қаласына бет алады. Алып қала жатсынбады. Өмірлік жолының бағытын үлкен шаһарда анықтады, өмірде өзімнің орнымды табам деген өрімдей жастың сол кездегі көкей-кесті ойы 2010 жылы еріктілер қаратына қосылып, қоғамдық жұмысқа белсене араласуынан  бастап жүзеге аса бастады. Тағдыр жолы салған сүрлеумен жүріп, өмірлік серігінде кездестірді.  Бүгінгі күні,  Ризза Даутбаева Жамбыл ауданының келіні, қазақы ибаны сақтаған, ардан аттамаған, бір әулеттің ошағының түтінін түзу түтетіп отырған ардақты жар.

Кәсіпте өзінің нәсібін тапқан ару алғашында талай қателескенінде жасырмады.  2008 жылы бизнеске бетбұрған ол шығынға ұшыраған кездер болғанын  ашып айтты.

        «Осыдан  15 жыл бұрын тұңғыш рет бизнесті қолға алуға кірістім. Бірнеше іспен айналысып, бастаған жұмысым нәтиже бермей жабылыпта қалды.  Бірақ, алдымда кездескен қиындықтарға мойымадым, өзгеде  идеялар арқылы қалайда болсын сәтті бизнес көзін ашамын  деп, тек қана алға ұмтылдым», — деді Ризза Беимбетқызы.

Кәсіптің қай түрі оң жамбасыма келеді деп, түрлі бағытта өзінің мүмкіндіктері мен білімін сынап баққат кейіпкер, 2017 жылы  Жамбыл ауданында  «Айриз Қамқор» атты мүгедектер қоғамдық бірлестігін ашқан.

 «Аудандағы құлақ мүкістігі бар кісілердің құқықтары мен мүдделерін қорғау жұмысы басталды, сонымен қатар сурдоаударма қызметі жүргізіліп отырды. Өз мойныма толық жауапкершілік алғандықтан, ауқымды жұмыстарды қолға ала бастадым. Көп ұзамай «Қазақстан саңырау-мылқау қоғамының» директоры болуға ұсыныс түсіп және  мәдениет үйінен кеңсе берілді. Осы мүмкіндіктер арқылы жұмысымызға жаңа серпін беріп, мерейіміз артты. Ең бірінші мақсат оларға тең орта қалыптастыру. Өз идеясын іске асыра алатын, білім алып, жұмысқа тұрып, толыққанды, ешкімге тәуелді болмайтын өмірге бейімдеу болды»,-дейді Ризза Даутбаева.

Тәлейіне тәңірі «табандылық» деген асыл қасиетті, ерге тән мінез жазылған заты нәзік болғанымен болмысы құрыштай мықты қыз құлақ мүкістігі бар адамдармен тығыз жұмыс істеу арқылы оларды жұмыспен қамту жайы тұтас қоғамдағы түйіні тарқатылмаған мәселе екенін аңғарады.

«Құлақ мүкістігі» диагнозы бар адамдарды қоғамнан оқшаулау дұрыс емес. Олардың да өмірге деген құштарлығы бар. Жанарындағы отты, кеудесіндегі осынау әлемді тануға деген ынтызарлықты қолдан сөндірмеу керекпіз. Осыны ескере отырып,  тігін цехын ашу қажет деген ойға келдім. Басында кішігірім цехта 2 тігін машинасымен жұмысымызды бастап кеткен болатынбыз. Кейінірек грант ұтып, сол сомаға тігін машиналарын алып кеңейе бастадық»,-деп ағынан ақтарылды кейіпкер.

Қазіргі таңда «AiRiz.kz» ЖШС деген атпен жұмыстарын жалғастырып отырған кешегі шағын цех үлкен фабрикаға айналған жайы бар.  Қосымша, тігін саласын меңгерем деуші жандарға арналған «оқу орталығы» және құрылған. Алматы облысы мен мегаполис Алматы нарығын өз өнімдерімен қамтамасыз етіп отырған фабрикада ұлттық нақыштағы киімдер, «қыз жасау», мектеп формасы, матрастар, жатарға киетін киімдер мен халаттар тігіледі. Ал өзгеде тігін бұйымдары тапсырыс бойынша өндіріледі.

«Біздің тігіншілердің қолынан бәрі келеді, көптеген басқа да  заттар тігіледі, мысалы университеттердің түлектеріне манитиялар тігілді, қазақи нақыштағы ұлттық заманауи киімдер тігіп конкурсқа қатыстық. Болашақта өзіміздің бренд киімдерді тігуді жоспарда бар. Осы жылы кәсіпорынымыз отандық өндірішулер  тізіміне енді, өнімдерге ЕАЭС сертификаттары алынды. Арнайы және  негізгі жабдықпен қамтамасыз етілгеннен соң, өнімділігіміз де артты. Мысалы , орта есепен алғанда  айына 1000  төсек жабдық шығарылған кездер болған, 600-ге  дейін арнайы киім жиынтықтары тігілді»,-деп толықтырды Ризза Даутбаева.

Айта кетейік, аудандағы ең ірі тігін фабрикасында  9 құлақ мүкістігі бар мүмкіндігі шеутеулі ерекше адам жұмыс жасап жатыр. Олардың айлығыда көңілге қонымды. Тігінші тіккен өніміне қарай жалақы алады, десекте, мұндағы жалақы орта есеппен 200 мың теңгені құрайды.

Ризза Даутбаева, бизнесінің алға басуына мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудыңда үлесі зор деген пайымда.

«Бизнесті қолдау және дамыту мақсатында кәсіпкерлердің дамуына  арналған 20 млн. тенге  субсидиялық және кепілдіксіз 6 % несие алдым. Аталған қаражаттар  тігін цехының өнімділігн көбейту және жаңа жұмыс орындарын ашу үшін және тігін машиналары мен керекті жабдықтарды алуға жұмсалды»,-деді кәсіпкер.

Кәсіпте жолы болсада, ол өзінің бүгінгі биігіне қарап, кемеліме жеттім деп айтпаған жан.  Бала күнгі арманы «бизнес ханшайымы» болу еді, арманы адастырмаса да, бұл межемен тоқтап қалғысы жоқ.

«Иә, мен бала кезден бизнеске қызықтым. Өзімді осы салада көргім келді. Басымдағы бағыма орай, кәсіпке білек сыбана кірістім. Алайда, бұл менің толықтай жетістікке жеттім деген сөз емес. Қазақстан Республикасының экономикалық жағдайына мол үлесімді қосып, Халықаралық Аренада өзімнің кәсібімді танытқан кезде  толлыққанды арман орындалады деп есептеймін. Өйткені Қазақстанда кәсіпкерлер бір бірімен бәсекелес болып, өздерінің ғана жағдайларын ойлайды. Ал менің ойымша, біздің ең бірніші мақсатымыз еліміздің экономикасын көтеру, шетелге өніміздерімізді шығарып, бәсекеге қабілетті мемлекет болу», —  деді ішкі ойымен бөлісіп.

Сонымен қатар, кейіпкеріміз, кәсіпте әйел затына ауыртпалық әкелетін тұстардың бар екенін бүкпесіз ашып айтты.

«Әйел адам үшін бизнес әлемінде өзінің көптеген қиындықтары болады. Әйел-ана. Өз алдына отбасылық міндеттер тағы бар. Соның барлығы іске кедергі болмауы үшін қос тарапты қатар, таразының екі басын тең ұстау керек»,- деді ол.

 Ризза Даутбаева, жақында ғана бала күтіміне байланысты декреттік демалыстан шыққан.  Үйде болған уақытта бизнесте қиындықтар болғанын ашып айтты.  Кәсіпте жас балаға қарағандай үнемі уақыт бөлуді талап етеді, деген кәсіпкр ханым, ісі қараусыз қалған кезде қаржылық құлдырау болғанын жасырмады.

«Үйде баламен отырғанда жұмысым екінші орынға түсіп қалды. Салдарынан, теріс нәтижелер орын алды. Тапсырыстар азайып, алаяқ тұтынушыларға кездесіп, тіпті ұрлық әрекеттері орын алды. Жалпы, кәсіпкер болғысы келетін әйел ішкі тәртіпті сақтау қажет. Бизнесін тастамай, қосымша көмекті пайдалынып кәсібін тоқтатпауы тиіс.  Сол үшін тепетендікті ұстап, барлық қиындық  уақытша деп қабылдап, сынбай өмір сүру қажет»,- деп өмірлік кеңестерді де ортаға салды.

Сонымен қатар, бизнесмен ханым отбасына да, кәсіпке де, қоғамдық жұмыстарғада үлгеруінің құпиясын ашты. Оның сыры- сүйікті ісіңмен шұғылдану, деп қысқа қайырды.  Риззаның ендігі арманы халықаралық деңгейге шығу.

« Қазақстанның атынан  өзімнің өнімдерімді халықаралық нарыққа шығарып, бәсекелестікті орнатқым келеді.  Мысалға, шет елдің Dior, Guchi, LV, CocaCola,  KFS және т.б.  көптеген бренд компаниялары  бүкіл әлемге таралған, олар өз елінде бәсекелес емес, халықарылық деңгейде  жүр.  Мен ,  барлық Қазақстан кәсіпкерлерін, тек қана өзіміздің елде емес, алысқа қарап,  сапалы өнім шығарып,  Қазақстанымызды алға тартып, экономикамызды көтеріп, кәсіпті дамытуға  шақырамын. Бұл өз кезегінде елдің ілеуметтік жағдайын жақсартуға , жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта мұхит асып,  Америкаға барып, тілді меңгеріпі, бизнесс жасау жолдарын  үйреніп, кәсіпті халықаралық деңгейге қалай көтеру керек екенін біліп, тәжірибе алып, әрі қарай Халықаралық деңгейде жұмыс жасау ниетім бар.  Ол жоспарды орындау  үшін , өзіме тәлімгерді таптым. «Бизнесс леди», 12 кәсібі бар  Қазақстанның тумасы Альбина Риппи өз тәжірибиесімен бөлісуге шақырды. Мен бизнесте жаңа бағыттарды үйреніп, көзқарасымды өзгерту арқылы  мақсаттарыма жетем деп ойлаймын»,- деп түйіндеді  Ризза Даутбаева.

Бізде өз кезегімізде талантты қызға толайым табыстар тілейміз. Жамбыл ауданының жауһарына айналған белді кәсіпкердің тігін ісінде аты озсын демекпіз.