Балқаш ауданында ет өндірісі 107,2%-ға артты

0

Алматы облысындағы басты аудандардың бірі — Балқаш. 28 елді мекен мен 15 ауылдық округ кіретін аймақтың негізгі экономикалық драйвері — ауыл шаруашылығы. Ақ күрішімен атақты ауданда өткен жылы нақты көлем индексі 103,5%-ды көрсетіп, жалпы ішкі өңірлік өнім 62 млрд. 114,2 млн. теңгеге жетіп жығылды,деп хабарлайды өңірілік коммуникациялар қызметі.

Балқаш ауданындағы егіс алқабының көлемі 30 мың гектардан асады. Соның ішінде, жаздық дәнді дақылдар 14614,5 га аумақты алып жатыр. Өткен жылы осы егістіктің 6917,5 гектар жеріне күріш өсірілген. Қарашасын ақ алтыны асырған мекенде өткен жылы 30 160 тонна күріш алынып, орташа өнімділік 43,6 ц/га жетті. Диқандарды мемлекет тарапынан қолдау тұрақты түрде жүзеге асырылған. Мәселен, былтыр көктемгі дала жұмыстарына 811 тонна, күзгі дала жұмыстарына 747 тонна арзандатылған дизель отыны берілген. Биылға жағар-жанармайға қажеттілік 520 тоннаны көрсетіп, сұраныста жіберіліп үлгерген. Балқаш ауданындағы халықтың басты табыс көздерінің қатарында мал шаруашлығы да бар. Қазіргі таңда ауданда 839 шаруа қожалықтары тіркелген. Сәйкесінше, аймақтағы ірі-қара мал 96 100 басқа жетіп, былтырғы жылмен салыстырғанда 105,2 пайызға өсті.
2023 жылы ет өндірісі 107,2 %-ға артып, 20 500 тонна тірі салмақты ет өндірілді. Аудан көлемінде асыл тұқымды ірі-қара малын өсіру қарқынды дамуда. Бүгінге «Динара Ранч» ЖШС, «Желтораңғы» ЖШС, «Бірлік АЖА» ЖШС, «Жақсылық», «Марқа» және «Руслан» шаруа қожалықтары асыл тұқымды 20573 бас ірі-қара малын өсіріп, асылдандыру жұмыстарын жүргізуде.

«Бүгінгі күні , сүт бағыттағы мал шаруашылығын дамыту мақсатында былтыр «Динара Ранч» ЖШС-і 1,2 млрд. теңгеге 1000 бас «Голштейн» тұқымды сүтті бағыттағы ірі қара мал басын сатып алып, тауарлы сүт фермасын кеңейтті»,-деді Балқаш ауданының әкімі Азат Құтпанбетов.

Сүт фермасында Ирландия елінен алынған «Dairymaster» сүт сауатын құрылғысы орнатылған. Фермада 85 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Мұнда күніне 25-30 тонна сүт өндіріледі.

Ауылдағы ағайынның әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін, ауданда біршама мемлекеттік жобалар іске асырылуда. Атап айтар болсақ, «Ауыл Аманаты» бағдарламасы аясында бүгінгі күнге 81 тұрғын 553,5 млн.теңге қаражат алды. «Кең Дала» бағдарламасы бойынша 9 жоба әзірленіп 147,5 млн.теңге, «Агробизнесте» 29 жоба дайындалып 589,8 млн.теңге, «Іскер» бойынша 4 жоба әзірленіп 24,7 млн. теңге несие берілді.

Сондай-ақ, «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы аясында 14,0 млн. теңгеге инновациялық грант бөлінді.
Азат Үкітайұлының айтуынша, мемлекет тарапынан кәсіпкерлерді қолдау нәтижесінде ауданда 20 жаңа шағын кәсіп ашылды. Балқаш ауданында 2 589 шағын бизнес субьектілері тіркелген. Мұнда 6145 адам жұмыспен қамтылған. Бүгінде бизнес өкілдерінен салық пен міндетті төлемдер — 574 млн. теңге.
Өндірісі өркендеген ауданда тұрғындардың тұрмысына қолайлы жағдай жасау ісі де назардан тыс қалған емес. Қатты отынның әлегінен құтылған қарашаның саны арта түсуде. Қазіргі таңда Бақанас ауылының ішкі газ желілеріне газ беріліп, 150 үй көгілдір отынға қосылды.

«Бұл жұмыстар жалғасуда. Жыл аяғына дейін Бақанас ауылында 700 үй, Ақдала ауылында 300 үй, Бақбақты ауылында 400 үй, Бірлік ауылында 200 үй, Миялы ауылында 100 үй, Бояулы ауылында 30 үй, барлығы 1730 үй газға қосылатын болады. Сондай-ақ Ақжар, Ақкөл, Үшжарма, Бура, Береке ауылдарына газ желісін тартуға ЖСҚ дайындалып, сараптамадан өткізілуде»,-деді өз сөзінде Балқаш ауданының әкімі.

Сонымен қатар, бұқара үшін жол мәселесіде кезең-кезеңімен шешімін табу үстінде. Аудан бойынша автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы -240,4 шақырым. Ресми мәліметтер, қара жолдың жағдайы 33%-ға жақсы екенін көрсетсе, 27% -ы қанағаттанарлық деңгейде, ал тозығы жеткен күре жолдың үлесі 40%-ды көрсетуде.

«Ауданның ішкі жолдары бойынша 7 жобаның орташа жөндеу жұмыстарына 765 млн. теңге бөлінді. Ашып айтар болсам, Ақжар ауылындағы Бәрібаев көшесіне 59 млн. теңге, Бақанас ауылындағы Алтынсарин көшесіне 84 млн. теңге және ауыспалы нысан Бақанас ауылындағы Солтүстік-Батыс көшелерінің құрылыс жұмыстарына 512 млн. теңге, барлығы 9,8 шақырым жолға жөндеу жұмыстары жүргізілуде»,-деп атап өтті спикер. Сонымен қатар аудан аумағында 516 шақырым облыстық маңызы бар жолдар бар. Соның ішінде өткен жылы «Топар-Ақжар» жолынна 511 млн.теңге бөлініп, 12 км жол тегістеліп, асфальт төселді.
Баспасөз мәслихаты барысында Азат Үкітайұлы ауыз су мәселесінеде тоқталды. Сөзіне сенсек, аудандағы 20 елді мекен орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылған. Жалпы, Балқаш жерінде ауыз су жүйесінің ұзындығы — 175,8 км. Елді мекенге шаққанда ауыз сумен қамтылу 71,4% болса, халық санына шаққанда таза ауыз сумен қамту 95,5 пайызды құрады.

Еске саламыз, Балқаш ауданында құрылыс жұмыстарының қарқыны жоғары. Өңірде соңғы 11 айда құрылыстағы нақты көлем индексі 102,4%-ға жетті.
«2023 жылы 1400 шаршы метр 20 жалгерлік тұрғын үй қолданысқа өтті. Жеке сектор есебінен 1790 шаршы метрлік 18 тұрғын үй кілті табысталды. Ал, биылдыққа Бақанас ауылында жалпы сомасы 1 624,7 млн.теңге болатын екі бірдей жалгерлік тұрғын үй құрылысы жүргізілуде»,-деді Азат Құтпанбетов.
Жиын соңында, аудан басшысы аймақтың туристік әлеуетіне шолу жасады. Айтуынша, ауданда 28 туристік нысан жұмыс жасап тұр. Статистикалық деректерге сүйенсек, соңғы 11 айында 859 туристке қызмет көрсетілді. Көрсетілген қызметтің көлемі 50 млн. 378 мың теңгені құрады, 2022 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 118,6%-ға ұлғайған жайы бар.