Алматы облысының «Ашық диалог» интернет порталының тиімділігі жоғары балға ие болды
Аталған портал «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын орындау мақсатында жұмыс жасайды.
«Жыл сайынғы «Мемлекеттік органдардың ашықтығы» бағыты бойынша біздің басқарма «Ашық Үкімет» порталындағы «Ашық деректер» бөлімі бойынша үйлестіру жұмысын жүргізеді. Қазіргі таңда Үкіметтің арнайы қаулысына сәйкес, облыстың ашық деректерін бірыңғай тізбе бойынша бекітіліп жатыр. Сондай-ақ жаңа ақпараттардың шаблондары да жасалуда», — деді Алматы облыстық цифрлық технологиялар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жандос Ақыл.
Оның айтуынша, «Ашық деректер» критерийіне сай, ақпараттардың өзектілігіне тұрақты түрде мониторинг жасалып, қосымша жинақтарды анықтау үшін іс-шаралар ұйымдастырылады. Нәтижесінде 2022 жылдың қорытындысына сай, «Ашық диалог» интернет порталының тиімділік көрсеткіші 18 балдың 17,7-сін құрады.
«І жартыжылдықта халықтың ашық деректерге қажеттілігін анықтауға бағытталған «Ашық диалог» интернет-порталы арқылы сауалнама жүргізілді. Қазіргі уақытта мемлекеттік органдардың интернет ресурстарының бірыңғай платформасында (МОИРБП) облыс әкімінің сайтының ақпараты 100% құрайды және тұрақты негізде өзгертіліп отырады, салалық мемлекеттік органдарда, аудандар мен қалалардың әкімдіктерінде ақпаратты өзектендіру және толықтыру бойынша жұмыс жүргізілуде», — деді ол.
2022 жылы цифрландыруға жетекшілік ететін облыс әкімінің орынбасары облыстық және аудандық мәслихаттар мен ауылдық округтердің МОИРБП-ға көшу жоспарын бекітті. Жоспарға сәйкес, мемлекеттік органдардың сайтын құру бойынша іс-шаралар өткізілді, жауапты тұлғалардың тізімі қалыптастырылды және есептік жазбалар алынды. «ҰАТ» АҚ-мен бірлесіп оқыту іс-шаралары өткізілді. Барлық мәслихаттар аппараттары мен 4 ауданның ауылдық округтері МОИРБП-ға көшті. Қалған аудандарда (Еңбекшіқазақ, Жамбыл, Кеген, Райымбек, Талғар, Ұйғыр) сайтты толтыру жұмыстары жүргізілуде.
Басқарма қызметкерлері тұрақты негізде МОИРБП мазмұнын толтыруды және бақылауды жүзеге асырады, анықталған кемшіліктер бойынша ақпарат дайындайды. Бұдан басқа, мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарын ақпараттық толықтыру қағидаларына және олардың мазмұнына қойылатын талаптарға, сондай-ақ облыстағы мемлекеттік органдар сайттарын толықтыру бойынша тұрақты жұмыс жүргізілуде.
Сонымен қатар «Ақпараттық қауіпсіздік және ақпаратты қорғау шаралар кешенін» іске асыру үшін облыста және әр ауданда бір жауапты қызметкер бекітілді. Бұл қызметкерлерге МОИРБО әкімшілік панелінде Мемлекеттік орган қызметкерлерінің есептік жазбаларын алу, өзгерту және бұғаттау үшін өтінімдерді қалыптастыруға рұқсаты бар «Есептік жазбалар жөніндегі менеджер» өкілеттігі берілген.
Сондай-ақ барлық басқармалар мен аудан әкімдіктері мен Қонаев қаласы әкімдігіне «Қабылдауға жазылу» сервисіне қолжетімділік берілді.