Алматы облысында сымсыз ғаламтор технологиясымен интернет желісі тартылуда
Алматы облысының 160 ауылына интернет қолжетімді болмақ. Аталмыш жұмыстар ҚР-ның Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі іске асырған «Талшықты-оптикалық байланыс желілері технологиясы бойынша ауылдық елдімекендерді кеңжолақты қолжетімділікпен қамтамасыз ету» жобасы аясында іске аспақ.
Бұл туралы Алматы облыстық цифрлық технологиялар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жандос Ақыл баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Басқарма басшысының міндеті атқарушы Жандос Қанатұлының сөзіне сүйенсек, жоба аясында «Транстелеком» АҚ бастамасы бойынша 24 елдімекеннің халқы жоғары жылдамдықты интернетке қосылуға мүмкіндік алды. Қазіргі уақытта министрлік осындай жобамен облыстың 70 ауылын қамтуды жоспарлап отыр.
Сонымен қатар спикер басқа да компаниялардың жұмысы туралы айтты. Мәселен, «Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» АҚ спутниктік технология бойынша Қарасай ауданының Жыңғылды және Құрқұдық ауылдарының тұрғындарын интернетке қосқан. Аталған компания Жамбыл және Еңбекшіқазақ аудандарындағы халық аз қоныстанған Қарабастау және Сарытау ауылдарының азаматтарын ғаламтор желісіне қоспақ ниетте.
Ал «КаР-Тел» ЖШС болса, Ұйғыр ауданының Кепебұлақ ауылын мобильді байланыспен және интернетпен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр, сондай-ақ жыл соңына дейін Балқаш ауданының Орақты батыр, Қараөзек және Қоскүмбез ауылдарын мобильді интернетпен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр.
Бұдан бөлек, биыл үйдегі сымсыз ғаламтор технологиясы бойынша халық саны 250 адамнан кем 6 елдімекенге интернет жеткізу жұмысы қолға алынған.