Алматы облысында 219 жас шағын несиеге өтінім берді

0

Алматы облысында биыл жастар үшін 375 микрокредит беру жоспарланған. Аталған шағын несие 21 жастан 35 жасқа дейінгі жастарға өз ісін ашу немесе кеңейту мақсатында беріледі. Бұл туралы Алматы облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Айгүл Ахметова баспасөз мәслихатында айтты. 

5 жылдан аспайтын мерзімге берілетін несиені жеке кәсіпкер ретінде тіркелген жандарға беріледі. Мұндағы шағын несиенің ең жоғарғы сомасы 5 млн теңге болмақ. Айта кету керек, қалыпты жағдайда шағын несие 5 жылға беріледі, егер мал шарушылығымен айналысатын болса, онда несиені өтеу мерзімі 7 жылды құрамақ.

Мамандардың сөзіне сүйенсек, номиналды сыйақы мөлшерлемесі жылына 2,5 пайыздан аспайтын болады.

«Жобаға қатысушылар «Аграрлық кредиттік корпорация» АҚ-ға өтінім береді. Кепілмен қамтамасыз етудің болуы міндетті шарт болып табылады. Кепілге жылжымалы және жылжымайтын мүлік қабылданады. Несие алушыға ата-анасы, туыстары кепілгер бола алады. Қатысушылар толық ақпаратты 5353 колл-орталығына хабарласып білуіне болады.

Жалпы, жастардың өзін-өзі жұмыспен қамтуына мүмкіндік беруге арналған шағын несие арнайы комиссияның шешімі негізінде беріледі, Комиссия кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы органдардың өкілдерінен, мәслихат депутаттарынан, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасынан, бизнес өкілдерінен, өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарынан және т.б. тұрады.

Спикердің айтуынша, Алматы облысы бойынша Агрокредиттік корпорацияға 219 өтініш келіп түскен. Бизнес-жобаларды қарау жөніндегі комиссия отырыстарында 104 жоба мақұлданды. Қалған жобалар Агрокредиттік корпорацияда қарау және бағалау сатысында, сондай-ақ конкурстық комиссияны күтуде.

Естеріңізге саламыз, Мемлекет басшысының жастарды қаржыландырудың жаңа құралын ұсыну жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2023 жылдан жастарды шағын несиелендіру жөніндегі жобаны іске қосқан еді. Жоба жергілікті атқарушы органдар арқылы іске асырылуда.

фото: informburo.kz