Алматы облысында 1,2 млн адамға ғаламтор қолжетімді
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Е-өтініш» ақпараттық жүйесі іске қосылғаны белгілі. Аталмыш жүйеге алдыңғы қатардағылардың бірі болып Алматы облысы да қосылған. Қазір басқармалар, аудандар, қалалар мен ауылдық округтердің әкімдіктері жүйені пайдаланып отыр. Жалпы облыстағы қолданушылар саны 7 мыңнан асады.
Сонымен қатар «Protocol» тапсырмаларды бақылаудың ақпараттық жүйесі де жылдам іске қосылған. Оның басты мақсаты –мемлекеттік қызметкерлердің отырыстары мен дұмыстарын жоспарлау, ұйымдастыруды тиімді қылу. Бұл коронавирустық шектеулерден кейінгі кезеңде жұмысты тиімді түрде ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Жалпы облыста құжаттардың қозғалысы мен өңделуі автоматтандырылған, бұған бұлтты құжат айналымы жүйесі де көмектеседі. Қазіргі кезде облыс орталығынан бастап ауылдарға дейін осы жүйеге қосылған. Қолданушылардың саны 4 мыңнан асады. Қағаз құжаттардың айналымын қысқарту үшін гибридті электрондық пошта қызметі іске қосылған. Бұл инновациялық қызметтің мақсаты – электрондық құжаттарды басып шығару және жеткізу. Мысалы, қажетті құжатты жүйеге электронды түрде енгізесіз. Әрі қарай ГЭП пунктеріне беріліп, басып шығарылады, тиісті мекен-жайға жеткізіледі.
Цифрландырудың басты құралы – интернетке қолжетімділік. Алматы облысында 380 ауылдың 370-і яғни 1,2 млн-нан астам адам немесе тұрғындардың 99,9%-ы интернетке қол жеткізген. 351 ауыл тұрғындары кең жолақты интернетті пайдаланып, игілігін көріп отыр.
Ғаламтор, тіпті, облыстың ең шалғай жеріндегі, Қырғызстанмен іргелес шекара шебіндегі Күрметі ауылында, әйгілі туристік нысандардың бірі – Көлсай көліне де тартылған.
Өткен жылы облысты цифрландырудағы ауыз толтырып айтуға болатын істің бірі – «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасын жүзеге асыру аясында АКТ саласында кәсіби мамандардың саны, Ehealth ядросымен ақпарат алмаса алатын медициналық ұйымдардың үлесі, интернетке қол жекізген мектептер үлесі, полицияның цифрлық құралдармен жабдықталуы, белсенді инновациялық кәсіпорындар үлесі, жерге қатысты мәліметтерді цифрландыру үлесі бойынша жылдық меже артығымен орындалған.
Бұған қоса 2023 жылы Алматы облысында 5G іске қосылмақ. Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің елімізде бесінші буын ұялы байланысын іске қосу жөніндегі жол картасына сәйкес 2023 жылы облыс орталықтарын 5G байланысымен қамтамасыз ету жоспарлануда.
Алматы облысында ақпараттық-коммуникациялық технологияларды дамыту әлеуеті зор. Біріншіден, бұл адам ресурстары, облыста 1,5 млн-ға жуық халық тұрады.
Екіншіден, бұл еліміздің ең ірі мегаполисіне жақын орналасу, Алматы агломерациясына облыстың 188 елдімекені кіреді.
Алматы облысының цифрлық технологиялар басқармасының мәліметінше, алдағы уақытта туризм саласында цифрлық шешімдерді енгізу, университеттермен және бизнеспен бірлесіп цифрлық жобалар мен стартаптарды қолдау, айланыс және интернет инфрақұрылымын дамыту, бизнес-процестерді автоматтандыруға баса назар аударылмақ.