Алматы облысы мемлекеттік кірістер департаментінің жаңа ғимараты ашылды

0

Бүгін Республика күніне орай, облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев мемлекеттік кірістер департаментінің жаңа ғимаратының ашылуына қатысты.

Аталған ғимарат Қонаевқа кіреберіс тұста орналасқан. Бұл нысан бұрындары ойынхана болған.

Алғашқы сөзді алған Марат Сұлтанғазиев салық саласы қызметкерлерінің ел экономикасы мен дамуы үшін қосып жатқан үлесі зор екенін атап өтті.

«Халық әл-ауқатын арттыруға мемлекеттік кірістер саласы қызметкерлерінің қосып келе жатқан үлесі зор. Сондықтан осы бағытта еңбек етіп жүрген мамандарға тиісті жағдай жасау біз үшін маңызды. Сіздер жаңа құрылған облысымыздың барлық қызметшілері сияқты көшіп-қонудың қиындығын да, өзіндік қызығын да көрдіңіздер. Бірақ, ешқандай кедергіге қарамастан, аянбай еңбек етіп келесіздер. Жаңа ғимаратта ел болашағын жарқын етер жобалар іске аса берсін, ұлттық мереке құтты болсын!» — деді облыс әкімі.

Ал департамент басшысы біртіндеп олқылықтар оңалып келе жатқанын алға тартты.

«Айтулы мерекеге орай қуанышқа кенелдік. Осыған дейін біз 3 жерде бөлініп отырдық. 5 басқарма басқа жақта, осында 12 басқарма болды. Бұл ғимаратты облыс басшылығының қолдауымен сатып алдық. Нысанды жөндеуден өткіздік», — деді департамент басшысы Құлмұханбет Исақов.

Оның айтуынша, облыс екіге бөлінген соң, маман тапшылығы мәселесін шешу қиынға соққан.

«Мұнда 196 адам қызмет етуі тиіс. Бастапқыда салықтар бойынша барлық жұмысты 86 маман жүргізді. Бүгінде штат саны 160-қа жетті. Әлі де білікті мамандар қажет, байқау жариялануда», — деді ол.

Марат Сұлтанғазиев қызыл лентасын қиған ғимаратты аралап шығып, қызметкерлердің жұмысына сәттілік тіледі.

фото: gov.kz